Қазақстан мен Нидерланды Премьер-министрлері қандай келісімге келді?

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мамин Марк Рюттемен кездесуінде сауда-экономика және инвестиция ынтымақтастығы, энергетика, қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Нидерландымен тұрақты серіктестік өзара қарым-қатынастарының негізін салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті жақтаушы көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтайды және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі, — деді Аcқар Мамин.

Фото: Primeminister.kz

Нидерланды — Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономика және инвестиция бойынша серіктесінің бірі. Тәуелсіздік жылдары Нидерландыдан Қазақстанға тікелей тартылған инвестицияның жалпы көлемі 92 миллиард доллардан асты. Қазақстанда Нидерланды капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 6,5 миллиард доллар болды.

Марк Рютте Қазақстан Премьер-министрінің Нидерландыға ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының және Нидерланды Корольдігінің Премьер-министрлері V Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумының ашылуына қатысты. Оның аясында екі елдің Үкімет басшылары бес құжатқа қол қойды:

  • Жамбыл облысында фри картобын өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы K-Agro (Қазақстан) мен Farm Frites (Нидерланды) компаниялары арасындағы  келісім. Жобаның құны — 145 миллион доллар;
  • Жерді қашықтықтан зондтау және геоақпарат жүйелер саласындағы жобаларды іске асыру бойынша «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен NEVASCO компаниялар тобы арасындағы  ынтымақтастық туралы келісім;
  • Қазақстанның аграрий студенттерін оқыту бойынша Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Вахенинген университеті арасындағы  ынтымақтастық меморандум. Вахенинген университеті — жаратылыстану ғылымдары, табиғи ресурстарды басқару, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы саласын оқытатын әлемдегі жетекші орталықтың бірі;
  • Канализациялық тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау туралы бағдарламаны іске асыру жөніндегі «ТКШ Қазорталығы» АҚ-мен Witteven+Bos арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Түркістан облысында 200 гектар агропарк салу бойынша Dal Agro Park пен Dutch Greenhouse Delta арасындағы  ынтымақтастық туралы меморандум.
Фото: Primeminister.kz

Форумға Нидерланды мен Қазақстанның 200-ге жуық өкілі қатысты.

ҚР Премьер-Министрі Shell, Bitfury, SuezGroup, Farm Frites, Dutch Fruit Solutions  сияқты Нидерланды компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстанда энергетика, деректерді өңдеу және блокчейн-технологиялар, білім беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тағы басқа саладағы жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.

Асқар Мамин World Horti Centre халықаралық жылыжай бағбаншылығына арналған білім және инновациялар орталығына барып, Hyperloop жаңа көлік жүйесін әзірлеумен айналысатын Hardt Hyperloop компаниясының қызметімен танысты. Бұл көлік жүйесі жеңілдетілген болат құбырлар бойымен капсула түріндегі шағын қайықтарда сағатына 1 мың шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді.