Арын Орсариев «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы қордың директорлар кеңесінің жаңадан сайланған төрағасы Олжас Құдайбергенов Facebook-те хабарлады.
Соңғы жылдары Ғылым қоры төңірегінде жанжалдар болған еді. Бірақ бұлай жалғаса бермейді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазір кадрларды белсенді өзгертіп жатыр, нәтижесі — басқарманың құрамы түгел жаңарды, қордың өзінің функциялары да жаңарып жатыр, — деп жазды Олжас Құдайбергенов.
Оның хабарлауынша, Ғылым қорының директорлар кеңесі құрамына Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова, ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Бибігүл Өтепқалиева, ҚР Қаржы министрлігінің басқарма басшысы Амангелді Тойбаев, ҚР БҒМ Биотехнологиялар ұлттық орталығының зертхана меңгерушісі Мақсат Жабағин, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Әсемгүл Молдажанова, Назарбаев Университетінің деканы Вассилиос Турассис, Назарбаев Университетінің профессоры Дурвудхан Сұраған кіріп отыр. Ал Олжас Құдайбергеновтің өзі директорлар кеңесінің төрағасы болған.
Осы кезге дейін Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы болған Арын Орсариев қордың жаңа басқарма төрағасы болды, — деп хабарлады Олжас Құдайбергенов.