Регламент бойынша матч екі сеттен тұрды. Алғашқысында Рафаэль Надаль (6:3), екіншісінде Новак Джокович (6:3) үздік болды. Есеп тең түскен соң жеңімпаз тай-брейк нәтижесінде анықталды. Испан теннисшісі әлемнің бірінші ракеткасын 11:9 есебімен жеңді.

Новак Джокович
Новак Джокович. Фото: Tengrinews.kz

Ойынды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев және басқалар тамашалады.

Теннис матчы
Фото: Tengrinews.kz

Еске салайық, Рафаэль Надаль мен Новак Джокович Нұр-Сұлтанға қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылған матчқа қатысу үшін келген еді. Сапары барысында олар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Теннис жұлдыздары Қазақстан астанасында жаңа теннис орталығының ашылуына қатысып, балаларға мастер-класс өткізді.

ДереккөзTengrinews.kz