Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Қытай Халық Республикасының 70 жылдығына арналған халықаралық фотокөрме ашылды. 7 қарашаға дейін бұл жерден Қытай тарихы мен мәдениетіне қатысты 150 фотосуретті тамашалауға болады.
Мемлекеттік орталық музейдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеме фотокөрмені Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығымен бірге ұйымдастырып отыр. Жарқын экспонаттар көрші елдің 1949 жылдан 2019 жылға дейінгі құрылысы мен дамуы, саясаты, экономикасы, мәдениеті, экологиясы, қалалары, халқының тұрмысы, коммуникациялар мен технологиялары, Қытай ғылымы, оның білім беру, медицина, спорт, өнер салалары туралы сыр шертеді.
Көрмені Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон мен Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Гэн Липин ашты.
Қытай Халық Республикасы бейбітшілік пен ынтымақтастық тұжырымдамасын ұстана отырып, Қазақстан Республикасымен жан-жақты қарым-қатынасты дамытады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Қытай Халық Республикасының Бас консулдығымен көпжылдық ынтымақтастық аясында қытай тарихының, мәдениеті мен өнерінің әр түрлі аспектісіне және елдеріміз арасындағы мәдени байланыстар мен достықты нығайтуға арналған көптеген бірлескен жобаны іске асырып келді, — деді Гэн Липин.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов бүгінгі әлемді тарихи оқиғалар мен қазіргі қоғамның өмірін бейнелейтін фотосуреттерсіз елестету қиын екенін айтты.
Көрме экспозициясы Қытай Халық Республикасының 70 жылдағы тарихи дамуы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсететін үш хронологиялық кезеңнің фототаспасынан тұрады. Олар «Қытай халқы аяққа тұрды» (1949-1978 жылдар), «Реформалар мен ашықтықтың қолайлы кезеңі» (1978-2012 жылдар), «Дамудың жаңа дәуіріндегі батыл қозғалыс» (2012-2019 жылдар) деп аталады.
Фотокөрменің ашылуына дипломатиялық корпустың, мәдениет және білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.
Әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі деп есептелетін Қытай мемлекеті 1949 жылдың 1 қазанында Қытай Халық Республикасы болып құрылды. Қазір елді Си Цзиньпин басқарып отыр.