Жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігінің чипі адамның жеке басын куәландыратын құжаттарын бірыңғай стандарттауға көмектеседі. Чип қолданыстағы куәліктегіден техникасы жағынан жетілген және жеке куәліктегі микросызбаға сай болады.

Әйгерім Оразалиеваның хабарлауынша, қазіргі уақытта жүргізуші құжатының чипіне азаматтың биометрика дерегін сақтау мәселесі пысықталып жатыр.

Биометрика дерегі құжаттың қорғалуына және иесі туралы ақпараттың дәл болуына көмектеседі. Елде цифрландыру дамыған сайын биометрика деректері сақталған құжат та кеңінен қолданылады.

Ал қазір қолданып жүрген жүргізуші куәлігіндегі чипте оның иесі туралы тек электрон деректер сақтаулы.

Жүргізуші куәлігін дайындау технологиясы жеке куәліктікіне ұқсас. Оған мемлекеттік бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді. Қолданыстағы жүргізуші куәлігін ауыстыру қажет емес. Жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігін бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады, — дейді ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Әйгерім Оразалиева.

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру тәртібі мен дайындау мерзімі өзгермейді. Оның бағасы да бұрынғыдай — 1,25 айлық есептік көрсеткішке тең.

Жүргізуші куәлігіне саусақ ізін 2021 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Жол қозғалысы ережелері бойынша сарапшы, «За рулем Казахстан» журналының бас редакторы Алексей Алексеевтің айтуынша, бұл өзгерістің мәні мен оның көлік жүргізушілер өміріне қандай әсер ететіні түсініксіз. 

Бұдан қандай да бір түбегейлі өзгеріс байқап тұрған жоқпын. Куәлікке саусақ іздерін басу көлік жүргізушілеріне қалай көмектесе алатыны әзірше түсініксіз, — дейді Алексей Алексеев.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі «Ашық НҚА» порталында жүргізуші куәлігі мен техника құжаты дизайнының жаңа жобасын ұсынған еді. Жобада жүргізуші куәлігінің түсін өзгерту ұсынылды. Ол ашық күлгін болады. Ақпарат сақталатын микросызба артқы бөлігіне ауысады. Техника құжатында штрихкод пайда болады.

жүргізуші куәлігі
Фото: Legalacts.egov.kz
жүргізуші куәлігі
Фото: Legalacts.egov.kz