Латынға негізделген әліпбиде қандай олқылық бар?

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл — қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқармасы басшысы Анар Фазылжан латын әліпбиін тестілеуде қандай проблемалар кезіккенін айтты. Оның айтуынша, жиі дау туғызып отырған жайт — диграфтар.

Жиі талқыланатын әріптер — диграфтар. Диграф — екі әріптен тұратын жазбаша құрамдас таңба. Жаңа әліпбиде мұндай таңба екеу — «ш» (sh) мен «ч» (сh). Қоғам мүшелері арасында жүргізілген сауалнама мен талқылаудың қорытындысы бойынша біз адамдардың бұл әріптерге сынмен қарайтынын және оларды дұрыс оқымайтынын байқадық. Мысалы, 3000 адамның қатысуымен сынақ жүргізгенде олардың көбі shema (схема) дегенді «шема» деп оқыды, — деді Анар Фазылжан Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

«Тіл — қазына» ұлттық орталығы өкілінің айтуынша, «и» және «і» әріптеріне де қатысты мәселе де осындай.

Мысалы, іne сөзін (ине) «іне» деп немесе іshik сөзін «ишик» деп оқуы мүмкін. Келешекте осындай қателерді болдырмау үшін Президент әліпбиді ретке келтіруді тапсырды, — деді Анар Фазылжан.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов латынға негізделген қазақ әліпбиін жасауда қаріптің клавиатурадағы орналасуы ескерілмегенін мәлімдеген еді. Жаңа әліпби интернеттегі Unicode символдарды кодтау стандартына сай келмейтін болып шықты, бұл стандарт әлемдегі барлық жазба тілдің таңбаларын қамтиды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын қарпіне негізделіп бекітілген әліпбиде әлі де олқылық бар екенін айтты.

Тіл мамандары әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім, — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ДереккөзTengrinews.kz