Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Зеленскийді Украина Президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы күрделі жұмысына табыс тіледі. Украинаның әр күнін жіті қадағалап отыратынын айтты.
Президенттердің ішінде алғашқы болып зор сеніммен, 70%-тен астам дауыспен жеңіске жеттіңіз. Қалаған дүниелеріңізді іске асыруға сіздің қазір мол мүмкіндігіңіз бар. Осы жолда сізге табыс тілеймін, — деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Владимир Зеленский Украинада сапалы экономикалық серпілістерді жүзеге асыруға тырысып жатқанын айтты. Ол Нью-Йоркта Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенін еске алды.
Нью-Йоркта Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен танысуға мүмкіндігім болды. Бізге, Украинаға келуге шақырдым. Сіз де Украинада сан мәрте болған едіңіз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өзіңізді Украинаға келуге үндеймін, — деді Владимир Зеленский.
Нұрсұлтан Назарбаев Токиоға Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің арнайы шақыруымен император Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысуға барған еді. Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, император тағы мұрагерін ұлықтау рәсіміне 175-тен астам елдің өкілі келді. Сапар барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бірнеше екіжақты кездесу өткізуді жоспарлаған.