Жекен Мамытов — тұзды топырақты игерудің жаңа бағытын ашқан ғалым

Жапония, Солтүстік Корея, Украина, Өзбекстан, тағы басқа мемлекеттер биология ғылымдарының докторы Жекен Мамытовтың топырақтанудағы жетістігін аңғарып, ойлап тапқан технологиясын тәжірибеге енгізуді сұраған. Қытай Ғылым академиясы онымен келісімшартқа отырып, арнайы институт та ашып берген. Жарты ғасырдан астам уақытын топырақтану саласына берген профессор мерейлі 80 жасқа келсе де, ғылымнан алыстамады. Ізбасарларын да дайындап жүр.

Бүкіл ТМД аумағындағы тұзды топырақты 100% деп алсақ, соның 70%-ы Қазақстанда. Мұндай топырақ сор, сортаң жерлер деп айтылады. «Сортаң жерге шөп шықпас, шөп шықса да, көп шықпас» деген мақал бар. Көбіне оған егілген егін бітік шықпайды. Ауыл шаруашылығындағы жетістігіміздің көңіл көншітпеуінің басты себебі де осында. Мұны айтып отырған кейіпкеріміз Жекен Мамытов командасымен бірге тұзды топырақтарды игерудің жаңа технологиясын (НТОЗ) енгізіп, әлем бойынша жауабы табылмаған проблеманың шешімін ұсынған.

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ғалым 60-жылдары екі жыл Гоби шөлінің топырағын зерттеген. Елге оралған соң оны Топырақтану институтының директоры Өмірбек Оспанов шақырып алып, Іле өзенінің бойында күріш өсіретін 20 кеңшар ұйымдастырылғалы жатқанын айтады. Бұл мәселені Дінмұхамед Қонаев көптен бері көтеріп жүр екен. Мәскеу рұқсат берген, енді Қазақстанның күріш өнімін арттыруға мүмкіндік туды. Бірақ Қапшағайдан Балқашқа дейінгі жоспардағы алқапты аппақ тұз басып жатыр. Топырақтану институтының басшысы ғалымға Іле бойына егін егу үшін Бақанастың тұзын зерттеуді тапсырады.

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов
РАШ ҒА академигі В.И.Кирюшинмен ғылыми-зерттеу жұмыстарын талқылау сәті

Сол кездегі бірқатар ғалым топырақтағы тұздың дақылдарға тұтастай уытты емес екенін түсінген. Бірақ арнайы технология болмаған соң тұзды кетіру үшін барлық минералымен бірге топырақты төрт-жеті жыл бойы жуып кетіретін еді. Ал олардың құрамында мыңдаған жыл бойы қалыптасқан, өсімдікке қажет қорек заттар бар. Жекен Мамытовтың аспирант кезінен зерттеп жүрген тақырыбы да осы еді.

Алғашқы жылы екінші кеңшардың 380 гектар жеріне күріш егілді. Бәрі қырылып қалды. «Әй, мына қазақтар білмеді. Жоқ, Қызылордадан келген корейлер күрішке дұрыс қарамады» деген әңгімелер шықты да, келесі жылы күріш 500 гектар жерге егілді. Жартысы қырылды. Осы кезде Дінмұхамед Қонаев келді де, одақ бойынша күрішпен, тұзды топырақпен айналысып жүрген барлық ғалымның басын қосты. Жиналыс бір аптаға созылды. Дінмұхамед Қонаев «кім тұзды топырақтың сырын табады, сол адамның алтын бюстін жасатамын» деп әзіл-қалжыңымен ынталандырды. Әбден зерттесін деп, ғалымдарға сол жерден үй де берді. Зертханалық жұмыс күндіз-түні жасалып жатты. Ғалымның бәрі іске кірісті. Ақыры құпиясын біз таптық. Бұған зор үлес қосқан Г.А.Егоричев, В.А.Корниенко, А.Т.Байменова және тағы басқаларды атауға болады. Ал Димаш Ахметұлы кезінде айтқан қалжыңы туралы ұмытпай, Бақанаста өзінің 80 жылдығы тойланғанда ақ дала тұзының сырын ашқандарға алтыннан бюст қоюға шамасы келмегенін айтты, — дейді Жекен Мамытов.

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов
Далалық-өндірістік тәжірибелерді бақылау кезі

Ғалымның айтуынша, күрішті қырып тастайтын, шығармай қоятын уытты тұз — тетраборат натрий. Бұл қазір бәріне белгілі. Осы тұзды бейтараптандырса, егін жайқалып шыға келеді. Өйткені аппақ тұздың ішінде одан басқасының бәрі — күрішке қажет минерал. Енді бормен тұзданған топырақты тазартудың тәсілін іздеу қажет.

Біз тәсілдің зертханалық, вегетациялық, далалық 360 нұсқасын тексердік. Соның ішінде біреуін ғана ұстап қалдық. Көктемдегі тұқым егілгеннен кейін гектарына 200 келі мелиорантты үстіне беріп, атызды суға бөктіруден кейін егін бұрқ ете түсті. Гектарына 60 центнерге дейін күріш алатын жағдайға келдік. Ал мелиорантты бермеген жер тақыр қалды, — дейді ол.

Бұдан кейін ғалымдардың атағы мен еңбегі кең тарала бастады. Олардың ойлап тапқан технологиясы бұдан кейін Қазалы ауданындағы жеті кеңшарға енгізілді. Бұл туралы Херсон, Краснодар, Кубань, Ферғанаға жетті. Олардың  кеңшарларына да осы технология барды. Бұдан соң ғалымдар жайлы фильмдер де түсірілді. Ал Жекен Мамытов Мәскеуде 48 ғана беттен тұратын докторлық диссертациясын бес сағат бойы қорғап, еңбегін әлемге паш етті. Мәскеу академиктері бірауыздан дауыс беріп, бұл жұмыстың мелиорация ғылымында жаңа бағыт екенін баса әңгімелейді.

Тұзды топырақтарды игерудің жаңа технологиясы (НТОЗ) деген атақты біз берген жоқпыз. Филиппинде дүниежүзілік күріш институты бар. Біз соларға мәліметті жібердік. Құжат жүзінде бекітіліп, НТОЗ деп аталды, — дейді ғалым.

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов
Шәкірттерімен зертханалық тәжірибе жүргізу сәті

Ғалымдар «Дархан» деген кооператив ашып, барлық жұмысты сол арқылы жүргізді. Тұзды топырақты зерттейтін жекеменшік институт ашуды да жоспарлайды. Бірақ сол сәтте Кеңес Одағы ыдырап кетеді.

Ешкім ақша төлей алмады, ал біз тегін жасай алмадық. Сөйтіп, тоқтап қалды. Шекара ашылды. Жапон, корей, қытай қаптап жүр. Бәрі біздің соңымызға түсті. Қазіргі кезде қытайлардың тұзданбаған топырағын түгел игергені белгілі. Тіпті, құмның өзінде құлағынан тартса да, егін шығарады. Тек тұзды топырақтың сырын аша алмаған. Ал біздің технология дайын тұр. Басшылық бір жылдай рұқсат бермеді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа да жеткен екен. Ол кісі «барсын, табыс тапсын, неге ұстайсыңдар?» деп рұқсатын беріпті. Сөйтіп, келісімшартқа отырып, бүкіл отбасымызбен Қытайға бардық. Пекинде бізге 156 адамдық ғылыми-зерттеу институтын ашып берді, — дейді биологиялық ғылымдарының докторы.

Жекен Мамытов
Курстасы, жұбайы, қызметтесі, топырақтанушы-химик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Ақан Байменовамен зертханалық зерттеулер жүргізу сәті

2000 жылы анасы ауырып қалған соң Жекен Мамытов келісімді бұзып, елге оралады. Жұбайы, әріптесі, курстас, парталасы Ақан Байменовамен біріккен ұсыныс-жоспарының негізінде Қытай ғылым академиясы құрған «Жасыл индустрия» мемлекеттік-коммерциялық ғылыми-зерттеу орталығындағы жұмыс төрт жылдан кейін аяқталды. Ол жақта Жекен Мамытов алдымен директор орынбасары, кейін директор болып қызмет еткен еді. Жұбайы екеуі екі ғылым кандидатын даярлады, қытай тілінде монографиясын да басып шығарды.

Тоғыз ғылым докторын, генералдар мен министрлерді шығарған шағын ауыл

Алматы облысы Жамбыл ауданында Қастек деген ауыл бар. Қастектің бір жағы тау, бір жағы өзен болған соң ол жерге адам көп қоныстана қоймайды. Мұнда көше де біреу-ақ. Айналасы 70-80 ғана отбасы тұрады. Бір қызығы, сол ауылдан тоғыз ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты, екі генерал, екі министр шықты. Соның бірі — Нұр-Сұлтанның қазіргі әкімі Бақыт Сұлтанов.

Осы ауылдан шыққан үш профессор әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сабақ береді. Төртеуі — менің немере руласым, қаңлыдан, Керімқұл бабадан тараймыз. Қазақстандағы қан тамырлары хирургиясының президенті, мектеп жасынан менің тәрбиемде болған немере інім Тоқан Сұлтанәлиев те — осы Қастектің азаматы. Ол — «Алтын дәрігер» марапатын алған, Президенттің алтын скальпелін иеленген маман, — дейді Жекен Мамытов.

Топырақтану саласының майталманы осы ауылда 1939 жылы 9 мамырда жылқышылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Үмбетқұл соғыстан оралмаған. Әкеден қалған ұл мен қыз әкесінің ағалары Мамыт пен Байғараның қолында жетімдік көрмей ержетеді, өмірден өз жолын табады. Туған әпкесі Нәсіптінің ұрпақтары қазір Тарғап жерінде өсіп-өніп жатыр. Ал Жекен Мамытов бар ғұмырын ғылымға арнап келеді. Оның оқу-білімге бала кезден аңсары ауған. Мектепте бір жылда екі сыныпты бітірген кезі де болған.

Өмірде үш нәрсені мақсат еттім. Біріншісі — оқу. Мектепте сабақ берген мұғалімдерім керемет еді. Олардың көбі кейін Алматыға келіп доцент, декан болды. Математикадан сабақ берген мұғалімім ректор қызметіне көтерілді. Сол кісілердің берген білімінің әлі күнге дейін пайдасы тиеді. Солардың ықпалымен ғылыммен айналысамын деген мақсатым дүниеге келді. Институтта да топырақтанудан мықты ұстаздар дәріс оқыды. Екінші курстан бастап ғылыми мақала жазуды бастадық. Ол кезде студент болып ғылыми мақала жазу жетістік еді, — дейді ол.

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов
Жекен Мамытов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жекен Мамытов ауылынан мектебіне дейін жету үшін 15 шақырым жүретін болған. Сағат 08.00-де сабақта болуы үшін үйінен Күн ұясынан шықпай аттанатын. Осылайша мектепке барып-келу үшін күніне 30 шақырым жүретін.

Бала кезден ат үстінде болдым, сабаққа баруымның өзі де спорт еді. Жас кезімде Қазақстан туризмі мен альпинизмінің майталманы Виктор Зиминмен бірге Алматы — Ыстықкөл жаяу маршруттық картасын жасадық. Сол жолмен жүздеген адамды саяхатқа алып шығып жүрдік. Ол картаны әлі күнге дейін қолданады. Осыдан кейін маған «спорт шебері» деген атақ берді. Спортпен шұғылдануды соңғы алты жылда доғардым. Дәрігердің кеңесі осы болды. Қазір екі немерем де — спортшы. Жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Спорт менің өмірімдегі үшінші мақсат еді, — дейді Жекен Мамытов. 

Ол студент кезінде де өте белсенді болды. Екінші курсында факультеттің, одан кейін комсомол комитетінің екінші хатшысына, кейін бірінші хатшылыққа да сайланған. Сирек берілетін Ленин атындағы стипендиат та болды. Сөйтіп, студент бола отырып доценттің жалақысын алып тұрды.

Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының сол кездегі ректоры, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин туған әкемдей болып кетті. Моральдық, рухани тұрғыдан тәрбие алдым. Жас кезімде кішкене қатыгездеу едім. Мені жұмсартқан сол кісі еді. Адамгершілігі мол жан болатын, — дейді ғалым.

Кезінде жас маман қазіргі Өмірбек Оспанов атындағы топырақтану институтына мақсатты аспирантураға рухани тәрбиешілерінің бірі, кейін Қазақстанның оқу-ағарту министрі болған Кенжәлі Аймановтың ұсынуымен келді. Профессор Жекен Мамытовтың топырақтанудағы еңбек жолы солай басталды. Енді өзі де ізбасарларын дайындап, шығарып отыр.

Жастарға өсиеті

Жекен Мамытов
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің 2017 жылғы «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» куәлігін тапсыру сәті

2000 жылы Жекен Мамытовты әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің физикалық география кафедрасына профессор лауазымына қызметке шақырады. Мұнда қазірге дейін топырақтану негіздері мен топырақ географиясы, мелиорация географиясы және биогеография пәндері бойынша студенттер мен магистранттарға дәріс оқып жүр. 20 жыл көлемінде ізбасарларын, бірнеше PhD докторын даярлап шықты.

Биологияда заң бар. Әрбір ландшафтың өзіне тән дақылы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ландшафтпен дақылдың арасындағы сүйіспеншілікті іздеу қажет. Махаббатпен қосылған адамдардан сапалы ұрпақ туады әрі олар көп болады. Ал ландшафт пен дақылдың арасында махаббат болса, көп өнім алар едік. Міне, егіншілік жүйесіне сәйкес ландшафтын картасын әзірлеу керек, оны географтар ғана жасайды. Ынтасы бар шәкірттерім ландшафт картасын жасауды екінші курстан бастайды. Қазір Айжан Асылбекова, Еркін Кәкімжанов, Дана Шоқпарова деген шәкірттерім осы тақырыпта еңбектерін қорғады. Кітаптарын, мақалаларын шығарып жатыр. «Ландшафттарға бейімделген егіншілік жүйесі» атты дербес пәнді де енгіздік, дәрістерін өзім оқып жүрмін, — дейді ғалым.

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов
Жекен Мамытов шәкірті Гүлнұр Исановамен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жекен Мамытовтың мақтан тұтатын шәкірттерінің бірі — PhD докторы Гүлнұр Исанова. Ол екінші курстан бастап профессормен жұмыс істеп, екі жыл ішінде лауреат атанған. Шетелдік байқауда жеңіске жетіп, Қытай Халық Республикасы Ғылым академиясының докторантурасын оқып шыққан. Докторлық жұмысында Қазақстандағы шаң-тозаңдардың шөлденуге әсерін зерттеп, қорғаған. Германияда Springer nature халықаралық баспасынан үш монографиясын шығарып үлгерді.

Жекен Мамытовтың шәкірттері жыл сайын әртүрлі ғылыми-өндірістік жиынға (конференцияларға), елімізде және шетелде жарияланған байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып тұрады. Басқасын айтпағанда, олардың биылғы (2018-2019 оқу жылдары) табыстары да ауыз толтырып айтуға тұрарлық:

  1. Еркін Кәкімжанов – PhD докторлық диссертациясын қорғап, үш ай мерзімінде дипломын алды.
  2. Гүлнұр Исанова – «Постдок» жоғарғы курсының тыңдаушысы, «Үздік жас ғалым» деген атақ алып, 50 мың теңгемен марапатталды;
  3. Әсел Мұрзалимова – докторлық диссертациясын тамамдап, биылғы қыркүйек айына дейін қорғауға дайындалып жүр;
  4. Мәди Түменбаев – магистратураның екінші курсын биыл бітіреді, ол Республикалық конкурстарға қатысып, жүлделер алды. Олардың біріншісі, Bilim-o’rkenіeti ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының тағайындаған «Білікті ұстаз – білімді шәкірт» атты Республикалық байқауында иеленген төс белгісі (медаль), екіншісі Республикалық ғылыми–ақпараттық, танымдық–тәрбиелік журналының өткізген «Мектептің жаны – мұғалім» байқауының жүлдегері болғаны.
  5. Серікхан Айдарханұлы — магистратураның бірінші курсындағы ізденістерін, «Қаладағы ландшафттардың топырақтарындағы құнарлылықты сақтау және арттыру» атты тақырыпта ұсынып, университет деңгейінде екінші орын алып, 150 мың теңге жүлдеге ие болды.
  6. Құдайберген Қырғызбай — бакалавриаттың екінші курсынан бастаған ғылыми–зерттеу нәтижелерін, биыл, төртінші курста студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясында баяндап, І орын алғаны үшін 75 мың теңге жүлде алды.

Батыс, Шығыс Еуропаның өркениетті елдері ландшафттарға бейімделген егіншілік жүйесіне көшіп жатыр. Біз болсақ, көктемде соқаны жібереміз де, жапатармағай айдап тастаймыз. Бәріне бір түрлі дақылды егеміз, бір мезгілде суғарамыз. Топырағына, ландшафтына қарау деген жоқ. Кеңес кезінде Қазақстанның тұзды топырағын академик В.М.Боровскийдің басқаруымен 380 ғалым зерттеді. Сол зерттеген нәтижелердің бәрі бар. Архивте жатыр, монографиялар жазылды, еңбектер тұр. Соның бәрін көтеру керек, бәрі дайын. Aта-бабаның аманат етіп кеткен жері тұзданып, топырағы ракпен ауырып жатыр. Жастардың ендігі міндеті — соның емін табуы керек. Мен тек күріш топырағын зерттедім, ал олар бидайды, тағы басқасын зерттесін. Тұзды топырақта өскен егіннің сапасы жоғары болады. Тек әдісін табу қажет, — дейді ғылым докторы.

Бұл — 60 жылдан астам уақытын ғылымға арнаған, топырақты зерттеумен өткен профессор Жекен Мамытовтың жастарға айтқан өсиеті. Ғалым қазір мерейлі 80 жасқа толып отыр, ғылыммен айналысуын, шәкірттеріне білгенін үйретуден жалыққан емес. Өзінің айтуынша, ғалым мен ғылымның махаббаты қыз бен жігіттің сезімінен де күштірек.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!