Басты бетҚоғамНұр-Сұлтанда Қарттар...

Нұр-Сұлтанда Қарттар күні бір ай тойланады

Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

1 қазан күні «Астана» концерт залында мерекелік шара ұйымдастырылады. Онда ардагерлердің шығармашылық ұжымы мен «Ветеран», «Шаңырақ», «Алаш Аманаты» хорлары, «Ивушка», «Надежда» және тағы басқа вокал топтары қатысады.

Мереке қарсаңында Қарттардың халықаралық күніне арналған фотокөрме, көркем шығармашылық көрме, флешмоб, экскурсия өтеді. Шараға мыңға жуық адам қатысады. Сол күні Ұлттық ұланның үрмелі аспаптар оркестрі «Шарапа» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Қарттарым – асыл қазынам» атты концертін қояды.

3 қазанда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен хореография академиясының мамандары «Шарапат шақырады» атты мерекелік концертін ұсынады.

8 қазанда Қазақконцерт ұжымы «Сіздерге мың тағзым» концерттік бағдарламасын қояды.

Әкімдіктің әлеуметтік қызмет көрсету орталығы да мерекеден қалыс қалмады. 1-3 қазан аралығында қарттар Ұлттық музей мен Тұңғыш Президент музейіне барады. 7-9 қазан аралығында қаланың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылады. Қарттар 15-17 қазан аралығында Максим Горький атындағы орыс драма театры мен Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрларының қойылымын тамашалайды. 23 қазанда қариялар кинотеатрға барады.

Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері мейрамханаларға шақырылып, қаржылай және естелік сыйлықтар алады.

Қаланың барлық мектепке дейінгі ұйымы, мектебі мен колледжінде педагог еңбек ардагерлерімен, медициналық ұйымдарда денсаулық сақтау саласының ардагерлерімен кездесу өтеді.

Кәсіпорындар мен ұйымдарда барлық санаттағы ардагерлермен кездесу ұйымдастырылып, концерт қойылады.

Нұр-Сұлтанда 80 мыңнан аса зейнеткер бар. Оның 57-сі — Ұлы Отан соғысының ардагері, 25 мыңы — мүмкіндігі шектеулі қария.