Боксшы Фируза Шарипова карьерасын тоқтатқанын мәлімдеді

Фируза Шарипова кәсіби бокстағы ең маңызды WBC титулына бір қадам қалғанда карьерасын аяқтады. Ол бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасына жазды.

Құрметті достар, спорттағы карьерамды аяқтаймын деп шештім. Жаттықтырушыларыма, менеджеріме және командама жақсы жұмыс үшін алғыс айтамын. Біз бірге бірнеше рекорд орнаттық. Қазақстанда кәсіби бокста біз сияқты ешкім осындай қысқа мерзімде мұндай жетістікке жеткен жоқ, — деп жазды боксшы.

Спортшының айтуынша, ол WBC титулын 2018 жылы алмақ болған.

Бізге бірнеше рет уәде еткен еді. Бірақ қаржы сол күйі бөлінбеді. Осы уақытқа дейін өзімді формада ұстау үшін командамен жұмысты тоқтатпаған едік. Өзіңді қалыпта ұстау үшін қаншама күш жұмсау керек, тек физикалық, психологиялық, қаржы жағынан да аз ресурс кетпейді. Бірақ мен бұның бәрі бекер екеніне көзім жетті. Күтуден шаршадым. Осы уақытқа дейін қаншама уәде болды, бірақ ештеңе өзгермеді. Уақыт өтіп жатыр, мен оны зая кетіргім келмейді. Менімен бірге болып, қолдап келген жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Ең басты титулды алып сіздерді қуанышқа бөлей алмағаным үшін кешірім өтінемін. Қолымнан келгенін тырысып бақтым, бірақ барлығы менің қолымда емес, — деп жазды Фируза Шарипова.

Фируза Шарипова — екінші жартылай жеңіл салмақтағы (IBO, 2017 — қазіргі уақыт) және жеңіл (WIBA, 2017 — қазіргі; WBU, 2017 — қазіргі уақыт) салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионы.

Азия чемпионатының қола жүлдегері (2012). Қазақстан чемпионаттарында екі алтын (2012, 2013), бір күміс (2014) және бір қола (2016) жеңіп алды.