Алматыда Қала күніне арналған Gakku дауысы фестивалі өтті

Фестивальде отандық әншілер жанды дауыста ән айтты. Концертті тамашалауға 250 000-ға жуық көрермен жиналған.

Әншілер алматылықтарды Қала күнімен құттықтады. Бір сахнада елге танылған жұлдыздармен бірге шоу-бизнеске жаңадан қадам басып жатқан әншілер де өнер көрсетті. Роза Рымбаева, Нұржан Керменбаев, Айқын, Ерке Есмхан, Ринго тобы, Әли Оқапов және өзге де әншілер 2019 жылдың ең үздік хиттерін орындады. Дәстүрлі шарада кей артистер өнер топтарынан шығып жатқанын мәлімдеді. Gakku дауысы фестиваліне дейін топтан шығып, сахнада жеке ән айтқандар да болды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, отандық музыка фестивалі Gakku телеарнасы мен Gakku Youtube-каналында тікелей эфирде көрсетілді.

Кешті Мөлдір Әуелбекова, Тимур Балымбетов, Нұржан Еркінұлы мен Сабира Жарасқызы жүргізді. Биылғы фестивальдің хедлайнері «Песни» телешоуының екінші маусымына қатысып танылған әнші Say Mo (Мөлдір Есенбек) болып, ол VI Gakku дауысы фестивалін аяқтады.

Айта кетейік, шараны жыл сайын Gakku телеарнасы ұйымдастырып келе жатыр. Концерт елдің танымал артистері мен әртүрлі музыкалық жанр әншілерін бір сахнаға жинайды. 2018 жылғы фестивальді көруге 200 000-ға жуық көрермен келген.