Нұр-Сұлтанда инвестиция мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес өтті

Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шарада білім беру, денсаулық сақтау, спорт және өнеркәсіп саласы бойынша 12 жоба таныстырылды. Жобалар іске асса, 1000-нан астам жұмыс орны құрылып, ел экономикасына 20 миллиард теңгеден астам қаржы тартылады. Кеңеске Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті.

Жеке инвестициялар есебінен жалпы білім беретін орталық пен төрт мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл, шамамен 4,5 мың оқушыны қамтиды. Мысалы, International School of Nur-sultan City серіктестігі финдік білім беру әдістемесін енгізіп, жеке мектеп салуды жоспарлап отыр. Жүйенің ерекшелігі — әр балаға жеке оқыту жоспары жасалады. Мектепте жабық бассейн мен футбол алаңы болады, — деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кеңесте өнеркәсіп саласындағы асфальт-бетон зауыты, темір-бетон бұйымдары мен коммунал техникасын шығаратын зауыт сияқты жаңа жобалар қаралды.

Қазір Нұр-сұлтанда 21,8 миллиард теңге сомасына ет өңдеу кешенінің құрылысы бойынша, медицина саласына бағытталған жобалар мен жекеменшік мектептер құрылысы бойынша 4 жобаның келісімшарты жасалды.