«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңның 33-бабына сәйкес борышкердің мемлекетке қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен (50 500 теңге) асса және мерзімдік төлемдерді үш айдан астам уақыт төлемесе, елден шығуға уақытша шектеледі.

Сізге мұндай шектеу қойылғанын немесе қойылмағанын Әділет министрлігінің сайтынан тексеруге болады. Онда автомат режимде мына тізімдер жүргізіледі — шетелге шығуға шектеу қойылған борышкерлердің тізімі  және атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізімі.

Мұндағы екі тізімді де тексерген жөн. Себебі атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізімінде болсаңыз, екінші тізімді де міндетті түрде қараңыз. Өйткені ол тізімдегілердің кейбірі шетелге шығуға тыйым салынған қарызын қасақана төлемейтіндер қатарына ауысуы мүмкін. Сіздің бұрын өтеген қарызыңыз болса да, базаның мерзімді түрде жаңаратынын ескеріп, тізімді қайта тексеріңіз.

Егер сіз шетелге туристік фирма арқылы барғыңыз келсе, борышкерлер тізімін жолдаманы сатып алмас бұрын тексеріңіз. Себебі сізді шетелге шығармай қойса, туристік компания шығыныңызды өтемей қоюы мүмкін.

Борышкерлер тізіміндегі ақпарат сот орындаушысы шектеуден алу туралы қаулы шығарғанға дейін және ҚР ҰҚК шекара қызметіне тиіс электрон хабарлама жіберілгенге дейін сақталады.

Борышкерлер тізіміне енбеудің ең дұрыс жолы — айыппұлды, баж алымын, алиментті, коммуналдық қызметақысы мен басқа қарызды уақытында төлеу. Шетелге сапарды жоспарлай отырып, әуелі барлық қарызды алдын ала төлеп, оны мейлінше елден кетерден 10-15 күн бұрын орындау қажет.