Мұғалімді артық жұмысқа тартқандарға 120 АЕК көлемінде айыппұл салынады

Ведомство басшысы бұл құжаттың ұстаздар мәртебесіне қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталғанын мәлім етті. Бұл туралы Elorda Aqparat хабарлады.

Біз заң жобасын дайындағанда педагогикалық қауымдастықтың әр өкіліне өз ойларын бөлісуіне мүмкіндік бердік. Нәтижесінде жұмыс тобына 18 мыңнан астам түрлі ұсыныс түсті. Бұл ұсыныстарды үлкен төрт бөлімге бөліп қарадық. Біріншісі — мұғалімнің құқықтарын кеңейту және оқу жүктемесін азайту. Екіншісі — материалдық емес ынталандыру. Үшіншісі — материалдық стимул. Төртіншісі — білім жүйесін жетілдіру бойынша іс-шаралар, — деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасын жүзеге асыру үшін 1 триллион 202 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат қажет.

Бұл мәселенің бәрі қаржымен қамтамасыз етілуі керек. Сондықтан Парламентте қарастырылып отырған заңның ішінде бюджетке қатысты мәселелер шешілді деп айта аламын. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 19 баптан тұрады және ол педагогтарға арналған барлық бағдарламаны құру, жүктемені қысқарту, мұғалімдерді күтпеген тексерулерден және тән емес функциялардан қорғау бойынша Елбасының тапсырмасын орындауға бағытталған, — деді министр.

Асхат Аймағамбетов заң жобасында ең бастысы педагогтың құқықтарын кеңейту және оқу жүктемесін қысқартуға мән берілгенін жеткізді.

Осылайша, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту нысандарын таңдау бөлігінде педагогтың кәсіби құқықтары кеңейтілді. Сайлау және сайланбалы лауазымдарға орналасуға, ата-аналарға кеңес беруге, қоғамдық бірлестіктердің мүшелігіне кіруге және өзге де жаңа құқықтар енгізілді. Жалпы жаңа заң жобасында педагогтардың құқықтары бойынша 10 жаңа позиция қарастырылған. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу үдерісін жетілдіруге мүмкіндік жасауға бағытталған, — деді Білім және ғылым министрі.

Педагогке тән емес функцияларға тартуға тыйым салуды белгілеу, шамадан тыс есеп беру, негізсіз тексерулер жүргізу арқылы жүктемені қысқарту бойынша нормалар жеке көзделген.

Өзіне тән емес жұмыстарға тартқаны үшін құқықбұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген. Осыған ұқсас айыппұл жұмыс уақытының нормасын заңсыз арттырғаны үшін де қарастырылған. Сондықтан заң жобасында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагог ретінде кәсіби қызметке алғаш рет кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс деп болжанады, — деді Асхат Аймағамбетов.