Алматылықтар «Бюджетке қатысу» жобасына 180-ге жуық ұсыныс берген

18 тамыз бен 19 қыркүйек аралығында Алматы аудандарының аумағын жақсарту бойынша 180-ге жуық ұсыныс түскен. Ұсыныстардың жалпы сомасы 9,2 миллиард теңгеге тең. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ең көп ұсыныс «Спорт, балалар алаңдарын аула ішінде және көпшілік пайдаланатын орындарда салу мен жөндеу» категориясы бойынша түскен.

Алматының даму орталығы басқарма төрағасының орынбасары Олег Сек жиі түскен ұсыныстар туралы айтты.

Қала тұрғындары Көкжиек ықшамауданы жанынан саябақ салу, әл-Фараби даңғылының бойына шуылжұтқыш қоршау орнату, қала көшелеріне қоқысты бөліп салатын жәшік қою, ойын алаңдарын салу, тоғызқұмалаққа арналған алаң жасау, метро мен сауда орындарында алюминий мен пластик бөтелкелерді қабылдайтын фандоматтар орнату, зағиптар мен көзі нашар көретіндер үшін транспондерлерді қолдана отырып, дауыс шығаратын жүйелерді енгізу сияқты ұсыныс білдірген, — деді Олег Сек.

1–18 қазан аралығындағы ұсыныстарды сарапшы комиссиялар қарайды. Олар барлық ауданда бар. Ұсыныстарға 19-29 қазан аралығында дауыс беруге болады. Ұсыныс жүзеге асу үшін ол 10-нан астам дауыс жинауы керек. Бір тұрғын үш ұсынысқа дауыс бере алады.

Бюджетке қатысу
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматының стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жазылтаеваның айтуынша, жеңімпаз жобалар 2020 жылы жүзеге асады.

Дауыс беру аяқталған соң аудандық әкімдіктер мен Алматының құрылымдық бөлімшелері ұсыныстарды қолға алады. Стратегия және бюджет басқармасына бюджеттік өтініш беріледі. Ал біздің басқарма жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөледі, — деді Жанар Жазылтаева.

Ұсыныс budget.open-almaty.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін  өтініш толтырылады. Ұсынылатын жобаның аты, сипаты мен нысанның мекен жайы көрсетілуі тиіс. Эскиз бен жобаның сметасын міндетті түрде бірге тіркеу қажет. Бір жобаның жалпы құны 100 миллион теңгеден аспауы тиіс.