Сұхбаттасқандар: Дінмұхамед Зиядин, Ақжарқын Қыдырханова

Дінмұхамед Зиядин: Көпті біле бермейтін қарапайым оқырман ретіндегі ойым: Қазақстандағы баспа ісі – динозавр сияқты дүние. Кітаптар не мемлекеттің арқасында жарық көреді, не әлдекім 1000 данамен ауыл-аймағының тарихын жазып шығады да, оның 200-ін той-томалақта таратып беріп, қалған 800-ін үйде қорапта сақтап ұстайды. Әрине, шын жағдай мұндай емес болуы да мүмкін. Бірақ тұтынушы ретіндегі әсерім — осы. Кітап ісіне бизнес, нарық тұрғысынан қараудың белгілері енді-енді пайда болып жатқан сияқты. Содан болар сіздің батыс шығармаларын — «Ақын қоянды», «Груффалоны», «Анна Франктің күнделігін» шығарғанмын деуіңіз сондай таңсық болып отыр. Мұндай баспа ісіне қалай келдіңіз?

Раиса Сайранқызы: Қазақ тілінде кітап шығаруды бұрыннан армандайтынмын. Бір мысал айтайын, электрон поштамда «Қазақша шығарайық» деп Еуропаның баспаларына 10 жыл бұрын жазған хаттарым бар.

2016 жылы күзде жолдасым екеуіміз Алматыға қыдырып келдік. Қаланы араладық, тамашаладық. Сол сапар кезінде балаларға, туыстарымызға қазақ тілінде кітап алайық дедік. Ана дүкенге барамыз жоқ, мына дүкенге барамыз жоқ. Ыза болдым, ренжідім. Үлкен тәуелсіз елміз дейміз. Ал қазақ тілінде қағаз бетін көрген шығарма жоқтың қасы. Содан елге жалынғанша, өзіміз неге қолға алмаймыз деген ой келді. Ақыры, жолдасым Алаубек бар, Гүлфайруз деген құрбым бар – үшеуміз 2017 жылы Моңғолияда Stepe&World баспасын ашып, бастап кеттік.

«Не керегі бар, қайтесің?», «Бәрібір қазақша кітапты ешкім сатып алмайды, оқымайды», «Қағаз кітаптың дәуірі өтті» дегендер болды. Бірақ оған қараған жоқпыз.

Дінмұхамед Зиядин: Осы екі-үш жыл ішінде Stepe&World қандай кітаптарды шығарды?

Раиса Сайранқызы: Дәл қазір баспадан төрт кітап шықты. Алғашқы кітап «Ақын қоян» болды. Авторы — Ұлыбританияның атақты балалар жазушысы Джулия Дональдсон. Кітапты танымал журналист Ғалым Боқаш аударып шықты. Кейін «Анна Франктің күнделігі» деген кітабымыз шықты. Бұл еңбекті әр жасөспірім оқуы тиіс кітаптардың бірі санаймын. Қай елге барсаңыз да, «Анна Франктің күнделігі» сол жергілікті тілдегі нұсқада дүкен сөрелерінде тұрады. Кейінірек Джулия Дональдсонның «Груффало» атты ертегісін шығардық. Оны да Ғалым Боқаш аударды. Төртіншісі – «Қомағай жұлдызқұрт» деген балалар кітабы.

Бұдан бөлек тағы бірнеше кітабымыз дайын тұр. Жарты жыл ішінде жарық көреді деп жоспарлап отырмыз. Олардың арасында Харуки Муракамидің «Норвег орманын» жапон тілінен аударып жатырмыз. Гарри Поттердің де бірінші кітабының аудармасы аяқталып қалды.

"Қомағай жұлдызқұрт" ертегісі
«Қомағай жұлдызқұрт» кітабы. Фото жеке архивтен

Дінмұхамед Зиядин: Гарри Поттердің жеті кітабына да лицензия сатып алдыңыздар ма?

Раиса Сайранқызы: Иә, жеті кітабын да алдық. Оған қоса, сол әлем туралы баяндайтын тағы қосымша төрт кітап бар.

Ақжарқын Қыдырханова: Гарри Поттерді басып шығаруға Қазақстаннан ұсыныс білдірген алғашқы баспа болдыңыздар ма, әлде бұған дейін талпыныс жасаған баспалар бар ма екен?

Раиса Сайранқызы: Білуімше, болмаған. Өйткені қазақ тілінде шығарамыз дегенде біраз аң-таң болды.

Дінмұхамед Зиядин: Моңғолияның әлем шығармаларын моңғол тіліне аударуы қандай деңгейде?

Раиса Сайранқызы: Моңғолия коммунизм құлап, тәуелсіздік алған соң өзімен-өзі қалған ел ғой. Ешкім оларға көмектескен жоқ, шама-шарқы жеткенше күнін көріп жүре берді. Үлгі қылатыны, қарайлайтыны — Қытай, Жапония, АҚШ, Корея. Сол жаққа көп барады. Халық саны 3 миллиондай ғана. Оның жартысы көшпенді өмір сүреді. Қалған 1,5 миллионға жетер-жетпесі ел астанасы Ұланбатырда тұрады. Енді қараңыз, сол Моңғолияда неше түрлі әлем бестселлерлері моңғол тілінде басылып шығып жатыр. Бәрі бірдей сапалы дей алмаймын. Аудармасы жақсы, орташасы, нашары да бар. Бірақ аламын, көремін деген адамға бәрі тұр. Тек классика емес, бизнес кітаптар да, фантастика да, атақты адамдардың өмірбаяндары да, балалар шығармалары да сатылады. Кітап оқитын аудитория саны шамамен 300 мыңдай ғана адам шығар. Соған қарамастан баспа ісі — Моңғолияда өзін ақтайтын пайдалы бизнес.

Раиса Сайранқызы
Раиса Сайранқызы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дінмұхамед Зиядин: 300 мың?

Раиса Сайранқызы: Иә. Моңғолияның тағы бір ерекшелігін айта кетейін. Ол жақта ешкім үкіметке «Ананы жасамадың, мынаны жасамадың» деп отырмайды. «Бәрібір мемлекеттің қолынан келмейді», — дейді де, өздері кіріседі. Саудаға, кәсіпкерлікке жақын. Тәуекел етеді де әлдебір істі бастап кетеді. Жүрмеді ме? Келесісін қолға алады. Қорықпайды. Қай жерден жақсы идея көрді, соны қайталайды. Кореяға барып табысты бір стартапты байқаса, дәл сондай істі Моңғолияда байқап көреді. Халқының бойында осындай әдет қалыптасқан.

Дінмұхамед Зиядин: Ең бірінші кітаптарыңызды Моңғолияда саттыңыз ба? Қазақстанға қалай келді?

Раиса Сайранқызы: Иә, Моңғолиядағы қазақтар алдымен алып оқыды. Кейінірек ақырындап Қазақстанға келе бастады. Қазір «Меломанда», тағы біраз дүкендерде сатылып жатыр. Бұл жақта «Ұлттық аударма бюросында» достарымыз бар. Солар үлкен қолдау, көмек көрсетті.

Дінмұхамед Зиядин: Қазақстанда қазір төрт кітапты да сатып алуға бола ма?

Раиса Сайранқызы: «Анна Франктің күнделігі» Моңғолияда басылған, таусылып қалды. Қазір осы жақтан басып шығаруды ойластырып жатырмыз.

Дінмұхамед Зиядин: Біздегі баспа нарығын біраз байқаған боларсыз. Қандай деңгейде деп ойлайсыз?

Раиса Сайранқызы: Орыстілді кітаптар үшін жоғары деңгейде. Себебі кітапты безендіруден бастап маркетингіне дейін бәрі жолға қойылған. Тысы әдемі, заманауи жасалған, содан кейін, әрине, ел қызығып алады.

Ал қазақ тіліндегі кітаптардың даму жолы енді басталған сияқты.

Дінмұхамед Зиядин: Соңғы кезде қазақша іскери кітаптар жиі шыға бастады. Солардың сапасы, аудармасы туралы қандай пікірдесіз?

Раиса Сайранқызы: Қуаныш Шонбайдың «Екінші болмасы» жақсы жазылған кітап деп ойлаймын. Автор аудиториясын жақсы біледі. Сондай кітаптың барына қатты қуанамын. Тағы басқа іскери кітаптарды оқып көргенмін. Кейбірі ағылшын тілінен аударылған орыс тіліндегі мәтіннің қазақша аудармасы болды. Мейлі, ол да жаман емес. Шыға берсін. Уақыт өте жақсарады бәрі.

Дінмұхамед Зиядин: Моңғолия 300 мың адамдық аудиториямен өз-өзін ақтайтын бизнес жасап, табыс тауып жатса, Қазақстанның әлеуеті әжептеуір сияқты.

Раиса Сайранқызы: Соны түсініп бастап отырмын ғой. Кітап шығаруды көбі қайырымдылық қор, халыққа көмек көрсету, өкіметтің тапсырмасы деп қабылдайды. Жоқ, мұны әлеуметтік ықпалы жоғары, қоғамға пайдасы зор бизнес деп түсіну керек. Ол шығындарын жауып, пайда әкелуі тиіс, кейінгі жобаларға жұмсалатын қаражат табуы қажет.

Дінмұхамед Зиядин: Гарри Поттерді басып шығару арзан емес шығар? Оған мүмкіндіктеріңіз жетіп тұр ма?

Раиса Сайранқызы: Жетіп тұр.

Дінмұхамед Зиядин: Жергілікті авторлардың кітаптарын шығарасыздар ма?

Раиса Сайранқызы: Әзірше жоспарымыз жоқ. Оның үстіне, басты мақсаттарымыздың бірі – әлем әдебиетін қазақшаға аудару. Бірақ алдағы үш-төрт жылда отандық жазушылармен серіктестік орнатуды да қолға алатын шығармыз.

Жазушымен жұмыс оның кітабын шығарып берумен шектеліп қалмайды. Оның сыртында маркетинг, жарнама, PR, кітаптарды сату бойынша үлкен істер атқарылуы тиіс, яғни авторды бастан-аяқ қолдап, оның жазған «тауарын» халыққа өткізу керек. Бұл — үлкен жұмыс.steppe&worldДінмұхамед Зиядин: Тағы да оқырман ретінде пікірімді білдіре кетейін: біздегі шығармалар я даланы аңсайды, я өткенді сағынады. Осы тақілеттес бірнеше бағыт, жанрмен шектеліп қалған сияқты. Әлде қазақтарға хоррор, фэнтези, фантастика, антиутопия, постапокалипсис, детектив өтпей ме?

Раиса Сайранқызы: Жоқ, бәрі өтеді. Жоқ қой, болса, халық оқитын еді. Барлық жанр қызық. Адам талғамына қарай детективті де оқиды, фантастиканы да алады. Комикс те, аниме де, тұлға ретінде дамуға көмектесетін шығармалар да, бәрін шығаруға болады. Тек қолға алу керек. Жай ғана қағаз бетін көргеннен success-бестселлер болып кететін кітап жоқ. Жүгіріп жарнамалау, елге таныстыру, сату қажет. Әлем баспалары 1 цент үшін барын салады.

Дінмұхамед Зиядин: «Кітап оқу мәдениеті жоғалып бара жатыр» деп, кейде көп нәрсені соған жауып қоямыз.

Раиса Сайранқызы: Кітап жоқ қой. Мәдениет жоғалмайды. Кітап тұрып, мәдениет жоғалды деген — өтірік. Адамдар тек электрон нұсқаға көшті, жастар оқымайды дегенге сенбеймін. Әлемнің үлкен кітап жәрмеңкелеріне барып көріңіз. Миллиондаған кітапты мыңдаған адам талқылап жатады.

Ақжарқын Қыдырханова: Жастар оқымайды дегенмен мен де келіспеймін. Кез келген уақытта кітап дүкеніне барыңыз, жастар толып жүреді.

Дінмұхамед Зиядин: Кітаптарыңыз қандай тиражбен шықты?

Раиса Сайранқызы: Алғашқы тираж 2000-3000 дана аралығында басылып шығады. Содан кейін 10 000 данаға дейін кетеді.

Дінмұхамед Зиядин: «Анна Франктің күнделігін» Қазақстанда шығарсақ дедіңіз. Қандай тиражбен жарық көреді?

Раиса Сайранқызы: 5000-нан басталады ғой. Оңай таралады деп ойлаймын. Кейін 10-20 мыңға дейін жетіп қалар.

Ақжарқын Қыдырханова: Қандай кітаптарды қазақ тіліне аударғыңыз келеді?

Раиса Сайранқызы: Көп оқылған классикаларды аударғым келеді. Мысалы, Ли Харпердің To Kill a Mockingbird деген шығармасы, керемет әңгімелері бар. Солар аударылса деймін. Өзім жақсы көріп оқыған, балаларым сүйіп оқитын еңбектерді халыққа таныстырғым келеді.

Дінмұхамед Зиядин: Бүгінгі әңгімеден өзім үшін біраз жаңалық аштым.

Раиса Сайранқызы: Қазақстанда кітап нарығы бар. Жоқ болса, жасар едік. Қазақша кітап оқығанды cool болдыру, сәнге айналдыру керек. Сондықтан қазақ тілінде кітап басатын баспалар көбейсе екен деймін. Бәсеке жоғарылайды. Сапасы да жақсарады. Өте жақсы баспалар болса, баспа ашамын дегендер болса, ақыл-кеңес беруге әзірмін. Беріп те келемін.