Басты бетҚоғамШамалғандағы апат....

Шамалғандағы апат. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы пойыз бен автобустың соқтығысынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімдеді.

Дәрігерлердің айтуынша, оқиға орнына 11 жедел жәрдем бригадасы және бір Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің бригадасы барған. Зардап шеккендерді Қарасай аудандық орталық ауруханаға жеткізді.

2016 жылғы науқастың диагнозы — бассүйек-ми жарақаты. Мидың қатты соғылуы, торлы қабық астына қан құйылу, кеуде қуысының жабық және сол жақ өкпенің жарақаты, кома 2-3. — жансақтау және интенсив терапия бөліміне жатқызылды. 2014 жылғы науқастың диагнозы — бассүйек-ми жарақаты. Мидың қатты соғылуы, оң жақ маңдайалды сүйектің сынуы. Оң жақтағы субдураль гематома. Кома 2-3.- жансақтау және интенсив терапия бөліміне жатқызылды. 1986 жылғы науқастың диагнозы — қосарлас жарақат, мидың шайқалуы. Оң жақ тоқпан жіліктің, сол жақ бұғананың, жауырын бөлігінің сынуы, — делінген мәлімдемеде.

Сағат 19.26-да жедел жәрдем станциясына жолаушылар автобусының жолаушылар пойызымен соқтығысқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына 15 минут ішінде 9 жедел жәрдем келді.

Төтенше жағдай 15 қыркүйекте сағат шамамен 19.20-да “Екатеринбург-Алматы” тасжолының 2449-шақырымында Шамалған станциясында болған. Пойыз Алматы-Қостанай бағыты бойынша қозғалған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Руслан Иманқұловтың айтуынша, автобус жүргізушісі дабылды елемей теміржолға өтіп кеткен. Нәтижесінде автобус пойызбен соқтығысқан. Апат салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізушінің туыстарына көңіл айтты. Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.