Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылы 4 қыркүйекте «Нұр жолы» кеден бекетінің қызметкерлері мен шекара қызметкерлері Қазақстаннан Қытай Халық Республикасына шығу әкімшілік залында, кеден бақылауын жүргізу кезінде 10 203 АҚШ доллары сомасында ақша алып өтпек болған Тәжікстан Республикасының 1978 жылы туған «А» есімді азаматын ұстады.
2019 жылы 29 тамызда 90 603 юаньмен 3000 теңгені алып өтуге әрекет жасаған Қытай Халық Республикасының 1971 жылғы азаматы ұсталды.
2019 жылы 27 тамызда 10 000 АҚШ долларын және 119 200 теңгені алып өтпек болған Шымкенттің 1992 жылғы азаматы ұсталды.
Аталған фактілер «Лэсси» атты қызметтегі итті қолдану арқылы анықталды.
Бұл азаматтардың іс-әрекеттерінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 551-бабының 3-бөлігінде көрсетілген құқықбұзушылық белгілері қаралды. Аталған жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Егер мұндай қолма-қол ақша және (немесе) жол чектерінің жалпы сомасы оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына біржолғы әкелу немесе одақтың кеден аумағынан біржолғы әкету кезінде, кеден органына жолаушылар кеден декларациясын берген күні қолданыста болған валюта бағамы бойынша 10 мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады.
Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан шекарасын кез келген көлік құралдарымен өткенде бір адамға шаққанда қандай да бір валютада жалпы сомасы 10 000 АҚШ долларынан аса ақшаны декларациялау керегін еске салады.
Декларацияланған сома салықтан немесе кеден бажынан босатылады.