Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев:...

Қасым-Жомарт Тоқаев: Халық даңғаза әңгімеге ермеуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан халқын қазір тарап жатқан түрлі қауесетке ермеуге шақырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, шетелден мыңдаған жұмысшы тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін сәтті пайдалана білетін ойы бұзық адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті — қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айтқым келеді, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай манипуляция геосаясаттың бір бөлігі екенін, оның мақсаты халықтың бірлігін бұзу, Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру екенін басып айтты.

Біздің халық дана және өз ақылымен өмір сүреді. Биліктің міндеті — қоғаммен диалог арқылы мемлекеттік саясаттың мақсаты мен міндетін түсіндіру, оны біз көбіне нашар орындап жатамыз. Ақыл-ой мен ұсыныстарды ескеру, қабылдау. Мен тағы қайталап айтамын, біз жерді ешкімге бермейміз және әрдайым халықты тыңдап отырамыз, — деді Президент.