Алматыда 2 мыңға жуық жеке үй газсыз қалады

11-13 қазан күндері Алматының Алатау ауданындағы 2000-ға жуық жеке тұрғын үй газдан ажыратылады. Бұл туралы «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Алматы магистралдық газ құбырлары басқармасы» филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

11 қазаннан 13 қазанға дейін қоқыс сұрыптау кешені газ құбырларын диаметрі 720 миллиметр болатын жоғары қысымды жерасты газ құбырына жалғауға байланысты Момышұлы — Ақын Сара — Байзақ Батыр — Қалқаман-2 — Алматы-Бішкек тас жолының 19-шақырымы шаршысындағы жеке сектордағы 1916 нысан мен ұжымдық сектордағы 845 нысанға газ беру тоқтатылады. Барлығы 2,5 тәулікке жуық уақыт бойы газбен қамтылу болмайды, — делінген хабарламада.

Компания өкілдері жер астындағы газ құбырын кесу және жалғау жұмысы Алатау ауданы Ақсай және Абай көшелері мекенжайы бойынша жүргізілетінін нақтылады.