— Жанар, Оңтүстік Кореяның білім жүйесін таңдауыңызға не себеп болды?

— «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түспей тұрып, шамамен 4-5 жыл бұрын Оңтүстік Кореяда болдым. Сол кезде Оңтүстік Корея халқын зерттеп, салт-дәстүрімен, білім жүйесімен таныстым. Оған қоса, Чехия, Германия сияқты Еуропа елдері мен АҚШ-тың білім жүйесін жетік білген соң шығыс елдерін көргім келді. Оңтүстік Кореяға келген соң Жапония мен Қытайға саяхаттауды мақсат еттім. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскенде үміткерге белгілі бір сомада қаржы бөлінеді. Мысалы, АҚШ-та оқитын магистранттардың екі оқу жылына 40 миллион теңге қаржы бөлінсе, Оңтүстік Кореяда оқитын студенттерге 12 миллион теңге беріледі. Бұл сома студенттің оқу ақысына жұмсалатындықтан талапкер осы қаржыға тең келетіндей жылжымайтын мүлікті кепілге қоюы керек. Менің Семейдегі пәтерім кепілге қоюға жарамағандықтан өзіме ұнайтын, бұрын саяхаттаған Оңтүстік Кореяны таңдадым. «Болашақ» бағдарламасына тапсыратын талапкер міндетті түрде осы жағдайды ескеруі қажет. Егер ол Швейцарияға тапсырса, сол жақтағы 50 миллион теңгені толық қамтитын жылжымайтын мүлікті кепілге беруі тиіс. Оқуды тастап кетіп немесе сол мемлекетте қалып қойған жағдайда сомманы қамтитын жылжымайтын мүлік мемлекетке беріледі. Бір жағынан жылжымайтын мүлік сабақ оқуға мотивация болады.

Жанар Егісбекова
Жанар Егісбекова. Фото жеке архивінен

— Білім беру саласындағы басқару мамандығын меңгерудің маңызы қандай? Сеул университетінің қандай ерекшелігі бар?

— Бұл мамандық — еліміздегі жаңа бағыттың бірі. Бізде білім беру саласында жыл сайын жаңа өзгеріс пен эксперимент болады. Сабақ беретін сапалы педагог ғана емес, осы саланың  басқару жүйесіне білікті маман қажет. Мамандығым өзіме ұнайды. «Болашақпен» оқуға түспей тұрып, тіл үйрететін екі мектеп аштым. Университетте дәріс те бердім. Сол кезде мұғалім қанша жерден білімді болғанымен әкімшілік тарапынан жүйелі бағдарлама болмаса, оқу сапасы өте нашар болатынын түсіндім. Бакалавриатты халықаралық қатынастар, магистратураны аударма ісі мамандығы бойынша оқыдым. Білім беру саласында жүрген соң осы саланың дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

Батыс елдерін білім жүйесіндегі демократияға көп мән береді. Мұғалім мен оқушы бір деңгейде. Студент кез келген уақытта оқытушыға сұрақ қоя алады. Сабаққа қатысу, оқу — студенттің өз еркі. Бұл жүйеге Қазақстан да көшіп келеді. Ал Оңтүстік Кореяда академиялық білім беру мүлдем жоқ. Сеулде оқытушының айтқаны — заң, істегені дұрыс. Соған сәйкес студенттің дәрежесі төмен. Білім беру саласын басқаруда Оңтүстік Корея бірден көзге түседі. Білім беру жүйесінде де өзгеріс көп. Емтихан тапсыру, тіпті күнделікті бағалаудың пропорциясы өзгеше. Студенттер оқытушының нұсқауынсыз тәуелсіз жұмыс істейді. Ешкім белгілі бір тақырыпқа дайындал деп айтпайды. Әр студент өзі үшін оқиды. Семестрдің басында бірнеше материал және оқулық берілуі мүмкін. Бірақ ешкім сізді қадағаламайды. Кейін емтихан тапсырғанда бәрі белгілі болады. Күнделікті берілген материалды оқымасаңыз, семестр соңындағы емтиханда қиналасыз.

Жанар Егісбекова
Жанар Егісбекова. Фото жеке архивінен

— Оңтүстік Кореяның білім грантын жеңіп алу қаншалықты мүмкін?

— Оңтүстік Корея шетел азаматтарын өз еліне қуана шақырады. Әсіресе, АҚШ-пен салыстырмалы түрде қарастырсақ, ТМД елдерінің студенттеріне білім грантын жеңіп алу мүмкіндігі оңайырақ. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерге көп грант бөлінеді. Талапкер барлық құжатты стандартқа сәйкес жинайды. Олардың GPA көрсеткішіне қарайды. Сонымен бірге бағдарламаға тапсырушы талапкердің жұмыс тәжірибесіне баса назар аударады. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын қасиетіңізді ескереді. Өйткені шет елде ерікті болу өте жоғары бағаланады. Сонымен бірге өз тарихыңызға, мәдениетіңізге деген құштарлығыңызды да ескереді.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяда білім алатын студенттерге 1450 АҚШ доллары көлемінде стипендия беріледі. Оны үнемдеп жұмсасаңыз, толық жетеді. Оның ішінде жалдап тұратын үйіңіз, күнделікті тамағыңыз, оқулықтарыңыз бар. Егер ақша жетпей жатса, кез келген университетте жұмыс істеуге 10 кампус бар. АҚШ-та аптасына 20 сағат, Оңтүстік Кореяда 35 сағат жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

— Шетелде оқуды мақсат еткен талапкер нені білуі керек, неден бастауы керек?

— Әуелі арман болуы керек. Арманыңыз орындалуы үшін нақты мақсат қажет. Мысалы, Швейцарияда магистратурада оқығыңыз келсе, сол бағыттағы жұмыс тәжірбиесі ескеріледі. Содан соң әртүрлі бағдарламаны қарастыру керек. Шетелге оқуға түсуге мүмкіндік көп. Бірақ оқуға түскен соң қиын болады. Сондықтан талапкер әуелі психологиялық тұрғыда бәріне дайын болғаны жөн.

Оқуға түскен соң жан-жақтан келген студенттер қандай бағдарламамен келгеніңізді сұрайды. Оларға «Болашақ» бағдарламасы туралы айтқанда қатты таңданады. Өйткені мұндай бағдарлама кез келген мемлекетте жоқ. Талаптары де аса қиын емес. Сондықтан еліміздегі жастар мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауы керек.

Шетелде білім алу, жалпы кез келген елде саяхаттау адамды өзгертеді. Оңтүстік Корея халқының еңбекқорлығы мен тәрбиесі ерекше. Олардан үйренеміз өте көп. Әрине, корейлер біз сияқты қонақжай емес, бірақ олар — өте әдепті халық. Мен білім алып жүрген Сеул ұлттық университеті дүниежүзі бойынша ТОП-50 университеттің тізімінде тұр. Оңтүстік Кореяда №1, Азиядағы ТОП-10 университеттің қатарына кіреді. Сонымен бірге әлем бойынша Оңтүстік Кореяның студенттері еңбекқор саналады. Өйткені бұл жақта бәсеке жоғары. Жұмысқа орналасу өте қиын.

Жанар Егісбекова
Жанар Егісбекова. Фото жеке архивінен

— Оңтүстік Кореяда ұйым құрыпсыздар. Ол қандай қызмет атқарады?

— Өзге мемлекеттен келген студенттер Қазақстан туралы сұрайды. Мұнда Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан достарым пайда болды. Орталық Азия елдері жастарының ортақ проблемасы бар. Оңтүстік Корея халқы біздің ұлтты білмейді, көбіне Ауғанстанмен шатастырады. Кей адамдар бізді әлі атпен жүретін, киіз үйде тұратын халық деп елестетеді. Сол себепті осы мәселелерді ескеріп, Орталық Азияны корей халқына таныстырайық деген мақсатпен ассоциация құрдық. Жиі жиналып тұрамыз. Ұлттық тағамдарды әзірлеп, ән айтамыз, мейрамды бірге қарсы аламыз.

— Әңгімеңізге рақмет!