Басты бетЖаңалықтарБостандық тұрғындары...

Бостандық тұрғындары Алматы әкіміне 900-ге жуық сұрақ қойды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесті, бұл — қала басшысының еркін микрофон форматындағы сегізінші жүздесуі.

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жолы онымен кездесуге 3,5 мыңнан астам адам келді. 450 тұрғын шығып сөз сөйлеп, 900-ге жуық сұрақ қойды. Сауалдар негізінен күнделікті шаруашылық-тұрмыстық проблемаларды қамтыды, олар: тұрғын үй, коммунал шаруашылық, абаттандыру, аула жарығы, қоғамдық қауіпсіздік, ұрлықпен күрес, қоқыс тазарту, арық, кәріз желілері, бұралқы иттер мәселесі және басқалар. Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына көп наразылық айтылды.

Тұрғындар мектептер мен балабақшалардың, емханалардың, спорт нысандарының тапшылығы сияқты мәселелерді де көтерді, әкімнің айтуынша, бұлардың бәрі Алматыны дамыту жоспарына сай шешіліп жатыр.

Қала әкімі тұрғындармен кездесудің еркін форматының тиімді екенін айтты, Бақытжан Сағынтаев енді мұндай жүздесуді тоқсан сайын бір рет өткізгелі отыр. Қала басшысының тапсырмасы бойынша аудан әкімдері мен басқарма басшыларының тұрғындармен көшпелі кездесулерінің және ашық есік күндерінің жоспар-кестесі жасалды. Алматы әкімі аптасына бір рет, әр дүйсенбі сайын тұрғындар көтерген мәселелер мен олардың өтініштерінің қалай шешіліп жатқаны туралы есепті тыңдайды.

Уақыттың басты талабы — тыңдай білетін мемлекеттік қызметкер, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кету керек, шілдеде «Шұғыла» ықшамауданының тұрғындары күтім көрмеген аулалар мен газсыз отырған көппәтерлі үйлер мәселесін көтерген еді. 2 тамызда бұл ықшамауданда 14 үйге газ берілді, ондаған аула көріктендірілді, жұмысшылар жолдар мен жиектастарды ретке келтірді, спорт алаңдарын жөндеді. Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жасалған жұмыстың бәрін Бақытжан Сағынтаев арнайы барып тексерді.