Жастар үшін жасалған жобалар нәтижесін беріп жатыр

— Лаура Бағланқызы, ұйымдастырылып жатқан шара жайында  қысқаша айтып өтсеңіз.

— Алғашқы күні «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы өтті. Оған Қарағанды, Ақмола және Нұр-Сұлтан қалаларының 200-ден астам ҮЕҰ мен ЖРО өкілдері қатысты. Қатысушыларға әртүрлі тренинг, мастер-класс, нетворкинг сессиялары мен семинарлар ұйымдастырылды. Бұл жоба алдағы уақытта Қазақстанның бес өңірін қамтитын болады. Соның ішінде Нұр-Сұлтан – алғашқы қалалардың бірі, одан кейін Орал, Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларында жалғасады.

Нетворкинг шарасына қатысқан жастардың барлығы қазақстандық-америкалық жастар форумына арнайы келеген шетелдік белсенді азамтармен кездесті. Сондай-ақ олар Гарвард университеті түлектерімен де бас қосып, қызықты сауалдар мен түрлі мәселерді талқылап, екіжақты тәжірибе алмасты.

— Форумға шетелден қанша қатысушы келді?

— Форумға АҚШ-тан 10-ға жуық белсенді жас қатысып отыр. Нетворкинг шарасына Гарвард университетінің 17 түлегі қатысты. Олардың ішінде АҚШ азаматтары ғана емес, әлемнің 10 мемлекетінде, әр салада белсенді жұмыс істеп, көшбасшылық қабілетімен танылып жүрген азаматтар бар.

— Форуымда қандай тақырыптар қозғалды?

— Іс-шарада түрлі тақырыптар сөз болды. Соның бірі – еріктілер жайында. Себебі зерттегенде еріктілер тақырыбы жастарға ең қызықты тақырыптардың бірі екеніне көз жеткіздік. Әрине, АҚШ-та соңғы 10 жылда еріктілер өте белсенді қызмет атқарып келеді. Онда еріктілер қозғалысы мен әртүрлі қауымдастықтар белсенді жұмыс жасайды.

Форумда қазақстандық еріктілер өз тәжірибесін бөлісіп, елімізде қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын, қаншама үлкен жобалар жасалғанын америкалық жастарға айтып берді. Қазақ жастарының белсенді әрекеті, қоғамдық өмірге атсалысуы көңілге қуаныш сыйлайды. Жылдар бойы жастар үшін жасалып келе жатқан жобалар жемісін берері анық. Бүгінгі жиын соның бір айғағы.

Шара барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумдарға қол қойылды. Болашақта екі ел жастары түрлі жобаларды бірлесе жүзеге асырмақ.

— Алдағы уақытта қазақстандық жастарды тәжірибе алу мақсатында шетелдерге жіберу жоспарда бар ма?

— Әрине, биыл Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның ECOSOS деп аталатын үлкен форумы өтті. Ол тек америкалық емес, халықаралық деңгейдегі шара. Онда жастар өзара өзекті мәселелерді талқылып, тәжірибе алмасады. Сонымен қатар қазақстандық-америкалық жастар форумына келген Эллис Дисерт қазақ жастарының енді Америкаға баруы туралы бастама көтерді. Алдағы уақытта бұл ұсынысты қарастырып, нақты жұмыстар жүргіземіз.

— Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан: Марфуға ҚАРАМАН