Нұр-Сұлтанда «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы аяқталды

Шарада үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ресурстық орталықтары арасында әр сала бойынша маңызды тақырыптар талқыланды.

Соңғы күні өткен жиында Arlan Ventures ЖШС басқарма төрағасы Болат Башеев, IT-кәсіпкер Сергей Советкин, Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар кеңесі төрағасы Төлеген Құнаділов және BTS Digital білім беру орталығы жетекшісі Саясат Нұрбектің қатысуымен семинар өтті.

Семинар кезінде саясаттанушы Саясат Нұрбек «Жастарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру» тақырыбында сөз сөйлеп, жаңа идеяларды жүзеге асыру кезінде туындайтын түрлі қиындық туралы ой бөлісті.

Қазір жастар арасында «стартап» сөзі трендке айналды. Стартап – шағын бизнестің бір түрі. Онда әркез белсенділік танытып немесе жаңа идеяларды жаңғыртып отыру қажет. Үнемі күш салып, оның шын мәнінде жұмыс жасайтынына көз жеткізе білу керек. Сонда ғана сіз құрған әлеуметтік жобалар мен жаңа бастамалар жоғары деңгейде дамитын болады, — дейді Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар жиынға арнайы келген Гарвард университеті түлектерімен екіжақты тәжірибе алмасу мақсатында мотивациялық кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде жастар саясатында туындайтын түрлі мәселе мен әлем елдерін алаңдатын тақырыптар сөз болып, олардың шешу жолдары жөнінде маңызды ұсыныстар айтылды.

2016 жылы алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне бардым. Мен онда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мәселермен айналыстым. Ол жақта әйелдер қауымы сенімен тікелей сөйлеспейді. Бір бөлмеде ғана оқшау өмір сүреді. Мен олардың қаншалықты қиналатынын, қорқатынын түсінемін. Сол себепті мен БАӘ-де әйелдердің еркін пікір айтуына, өз көзқарасын ашық білдіре алатындай жағдайға жеткізуді өз алдыма мақсат етіп қойдым, — дейді Гарвард университетінің түлегі Чу Вон.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға Қарағанды мен Нұр-Сұлтан қалаларынан белсенді жастар келді.

Бүгінгі іс-шара өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Осы екі күн ішінде есімдері елге танымал спикерлер түрлі сала бойынша маңызды тақырыптар қозғады. Мәселен, әлеуметтік жобаларды іске асыру, мемлекет тарапынан ұсынылған грантқа ие болу, жас кәсіпкер ретінде өз бизнесіңді бастау және IT саласы жөнінде маңызды ақпараттар айтылды. Осындай шаралар жастардың тыным көкжиегін кеңейтеді. Өйткені көп жастар өз идеясын қалай дамытуды, ақпараттарды қалай алу керек екенін білмей жатады. Бұл тұрғыда жастар өзіне қажетті мәліметтер алды деп ойлаймын, — дейді Қарағанды облыстық Jas Otan жастар қанаты ұйымының өкілі Жандос Мейірманов.

«Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы Орал, Алматы, Шымкент, Павлодар өңірлерінде жалғасады. Жоба соңында үкіметтік емес ұйымдар мен Жастар ресурстық орталығының ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинағы жарық көреді.

Шараға 200-ге жуық белсенді жас пен 20-дан астам шетелдік және отандық танымал спикер қатысты.

Bolashaq қауымдастығы аталған жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды.