Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездескен кезінде әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі әкімдік шешімін теріс түсіндіріп жүргенін айтты. Әсіресе, Тимирязев көшесіндегі BRT-ның алып тасталатыны, Панфилов көшесі тұжырымдамасының қайта қаралатыны, қоршаулардың қайта салынатыны, көшелерде қоғамдық көлік жолақтары жойылатыны жиі айтылып жатыр.
Маған журналистердің кейбірі хабарласты, әлеуметтік желілерде жазды. Мұның бәрі бос сөз екенін айтқым келеді. Ешкім жаппай жауып, алып тастап, жойғалы жатқан жоқ. Мұндай өсек тарататындар хайп жасап жүр, — деді Алматы әкімі.
Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуде мегаполис халқының үштен бірі кәсіпкерлікпен айналысатынын және қаланы дамытудың басым бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті қолдау екенін айтты. Бизнестің табысы — қаланың ішкі жалпы өнімінің 40%-і және қала бюджетінің 60%-і содан түседі.
Алматының кәсіпкерлікті қолдау шараларының қатарында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын қайта форматтау, Almaty Invest инвестиция тарту орталығын ашу, қаланың алты ауданында Qolday кәсіпкерлік орталығының филиалын ашу бар. Сонымен бірге Almaty Finance және Almaty шағын несие ұйымы ашылды, шағын және орта бизнес үшін сараланған проценттік мөлшерлеме енгізілді: қаланың орталық бөлігінде 7%, шеткері аудандарда 2%. «Алматы Бизнес-2025» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге білім беріледі.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Байтұрсынұлы және Қонаев көшелерінің қиылысындағы веложол да кәсіпкерлер үшін өзгертілді және ол велосипедшілердің мүддесіне қайшы келмейді.