Алматыда маусымда «Бақытты отбасы» отбасы соттары жанынан отбасын ресурстық қолдау орталығы ашылған еді. Орталықтың мақсаты — Қазақстандағы ажырасу санын азайту, Отбасы және неке туралы заңға өзгеріс енгізуге ұсыныстар әзірлеу. Ажырасуға сотқа арыз берген ерлі-зайыпты алғашқы отырыстан соң осы орталыққа жіберіледі. Орталықтағы мамандар ажырасу себебін анықтап, ымыраласуға көмектеседі. «Бақытты отбасы» пилот жобасын «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі іске асырады.
Бірлестіктің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова 8 қалада 11 отбасын қолдау ресурстық орталығы бар екенін айтты.
Орталық отбасындағы ұрыс-керіс мәселесі, ажырасу жағдайы, отбасы мүшелерін қолдау жұмыстарымен айналысады. Қазақстанда екі жылдан бері Жоғары сот бірыңғай отбасы сотын құру жұмысымен айналысып жатыр. Ол ювенал сот, азаматтық сот пен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарын біріктіреді. Бірақ бұл сот отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын ғана қарастырады. Отбасы соты ата-анасы ажырасып жатқан баламен психологиялық кешенді жұмыс жүргізуі қажет, — деді Зүлфия Байсақова.
«Бақытты отбасы» жобасы бойынша отбасы саясаты жөніндегі сарапшы Эльвира Ватлинаның мәліметінше, ажырасуға өтініш берген отбасының бәрінде бала бар.
Ресурстық орталық маусымнан бері жұмыс істеп келе жатыр. Екі айда 600-ге жуық ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш берген. Оның 250-і орталыққа келген соң қайта татуласуға келісті. Өтініш берушілердің ең жасы 21-де, ең үлкені 62-де. 10 жылға дейін некеде тұрғандардан 345 адам, 10 жылдан 20 жылға дейінгілердің саны осы көрсеткішке жақын. Ал 20 жылдан ұзақ бірге өмір сүріп келе жатқандардан 22 адам ажырасуға өтініш берген. Некеде тұру ұзақтығы отбасының бөлінуіне әсер етпейтінін көрсетті, — деді сарапшы.
Эльвира Ватлина өтініш бергендердің көбінде кәмелетке толмаған 3-4 баладан бар екенін айтты. Оның айтуынша, өтініш бергендердің жартысы айырылысқаннан кейін балалардың өмірі қалай болатынын ойланбайды. Сарапшы ажырасу себебін де айтып өтті.
Ерлі-зайыптылардың ажырасуға бел бууына әлеуметтік жағдай, есірткіге тәуелділік, көзге шөп салу, бала тәрбиесіне араласпау мен тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары әсер етеді. Көбіне жас отбасы мінез-құлықтарының сай келмегенін айтады. Ал олармен психологтар сөйлескенде шын мәнінде бұлай деушілердің отбасын құруға дайын болмағанын анықтады. Бұл себептің түбінде бірін-бірі тыңдап, түсінуге тырыспау, бір шешімге келе алмау жатыр. Кей жағдайда діни сенімнің сәйкес келмеуі де әсер етеді, — деді Эльвира Ватлина.
Сарапшының айтуынша, жас ерлі-зайыптының бірінің құмар ойындарына тәуелді болуы да ажырасуға себеп болады.
«Бақытты отбасы» отбасы соттары жанындағы ресурстық орталық психологы Гауһар Онжанованың айтуынша, жас ерлі-зайыптылар көбіне материалдық жағдайғад байланысты ажырасады.
Ажырасуға өтініш білдірген жас ерлі-зайыптылар көбіне отбасы міндетін атқаруға дайын болмай шығады. Өз мәселесін өздері шеше алмағандықтан іске екі жақтың ата-анасы араласады. Ал орта жастан асқан ерлі-зайыптылар көбіне жасқа қатысты дағдарыс кезеңінен өте алмай, өтініш береді, — дейді психолог.
Гауһар Онжанованың айтуынша, орталыққа келетін ерлі-зайыптылар мамандармен бірге проблемасын талқылауға дайын.
«Бақытты отбасы» пилот жобасының отбасын ресурстық қолдау орталықтарының мекенжайы:
1) Нұр-Сұлтан:
- Абай даңғылы, 36. Алматы аудандық соты,
- Тәуелсіздік даңғылы, 34/1. Нұр-Сұлтан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот,
- І.Есенберлин көшесі, 30/1. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот.
2) Алматы:
- К.Марков көшесі, 34. Алматының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі (ювенал) сот,
- Қазыбек би көшесі, 66. Қалалық сот,
- Қ.Қуанышбаев көшесі, 44 А. Алматы № 2 Әуезов аудандық сот.
3) Тараз:
- Қазыбек би көшесі, 142 А.
4) Көкшетау :
- Ақан Сері көшесі, 115.
5) Қостанай:
- Пушкин көшесі, 100/1. Қостанай Ювеналды соты,
- 5 сәуір көшесі, 67. 3-кіреберіс.
6) Қарағанды:
- Бұқар Жырау даңғылы, құрылыс 51/4, 303-кеңсе,
- С.Ерубаев көшесі, 9. Қазыбек би ауданының №2 соты,
- Металлистов көшесі, 33. Октябрь ауданының № 3 соты.
7) Өскемен:
- Қ.Қайсенов көшесі, 55. Қалалық сот,
- Гагарин бульвары, 20.
8) Атырау:
- Құрманғазы көшесі, 8 А.
Отбасын ресурстық қолдау орталықтары сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін аптасына 5 күн жұмыс істейді. Орталық мамандары азаматтарды тегін қабылдап, кеңес береді.
Қабылдауға келу үшін тәулік бойы «150» нөміріне қоңырау шалуға болады. Қоңырау шалу тегін.
Ұялы телефон нөмірі: +7 708 106 0810 (қоңыраулар оператор тарифіне сәйкес).