Алматыдағы Құқықтық кеңес беру орталығының заңгері Анна Данилинаның айтуынша, қала тұрғындары мұнда үш мәселемен жиі келеді. Олар: жұмыссыздық, ажырасу ісі және мұрагерлік.
Проблема өте көп. Адамдар көбіне отбасы мәселелерімен келеді. Себебі ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылар тұрғын үй жағдайы, балалардың кіммен қалатыны, алименттің қалай белгіленетіні сияқты проблемаларды шешуге мәжбүр болады. Олар осының бәрін сұрап, бізге жүгініп жатыр. Сонымен қатар алаяқтарға алданып қалған адамдар көп екен. Бейтаныс біреулер әлеуметтік желіге енді тіркелген қарт кісілерге жазып, түрлі қызмет ұсынады. Мұндай азаматтарға алаяқтың қалай, не деп жазуы мүмкін екенін, әр адам оларға жеке ақпаратты жібермеуге құқылы екенін түсіндіреміз, — дейді Анна Данилина.
Заңгерлер келген әр адамды журналға тіркеп отырады. Бұл кейін Қазақстанның қай өңірінің халқы құқықтық кеңеске зәру екенін анықтау үшін қажет.
Әзірше, тез арада сотқа беретіндей күрделі мәселемен ешкім келмеді. Қазір тек өтініш, арыз және тағы басқаларды жазуды, тиісті органдарға жүгіну жағын үйретіп жатырмыз. Егер сондай мәселе туса және адам адвокаттың көмегіне жүгіне алмайтын жағдайда болса, жобаның аясында бір заңгер екі істі сот отырысына дейін жеткізе алады, — дейді заңгер.
Орталық мамандары азаматтар мұнда құқық бойынша кеңес алуға ғана емес, әлеуметтік мәселелермен де жиі хабарласатынын айтты.
Көпбалалы аналар күнде келеді. Көбіне олар үш мәселе бойынша кеңес сұрайды: тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық және баланы мектепке беру. Әңгімелесе келе қазір осылардың қайсы ол адам үшін маңызды екенін анықтаймыз. Балалары мектепке барып жүр, бірақ өзі жұмыссыз әрі тұратын үйі болмаса, бірінші жұмысқа орналасу жағын қарастыру керек шығар. Ол үшін не істеу керек, Жұмыспен қамту орталығына өтінішті қалай береді, курсқа қалай жазылады? — осының бәрін тәптіштеп түсіндіреміз. Кейде келген адаммен бір сағаттан көп отыруға тура келеді, — дейді орталық заңгері.
Анна Данилинаның айтуынша, оқу жылы қарсаңында тұрмыс жағдайына байланысты баласын мектепке қамдай алмай отырған отбасылар бар.
Қазір әр мектепте әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балаларын киім-кешекпен, қажет құралдармен қамтамасыз ететін орындар бар. Тек мұндай көмекті алуға қандай құжаттар қажет екенін анықтап, көмектесеміз, — дейді ол.
Заңгер халықтың құқық саласы бойынша сауаты нашар екенін айтты. Оның айтуынша, адамдар кез келген мемлекеттік органға қалай өтініш беретінін білмейді. Тіпті, кейбірі қандай мәселемен келіп тұрғанын жеткізе алмайды.
Кеше ғана қарт кісі келді. Немерелері оны әлеуметтік желіге тіркеген. Ол кісі желідегі бір алаяққа алдана жаздаған. Бірнеше нәрсені сұрағаннан кейін ғана алаяқтың бұл кісіден банк картасының нөмірін жіберуді талап еткенін білдім. Содан кейін мұндай жағдайда не істеу керек екенін түсіндірдік. Бағымызға орай, қарт кісі жеке мәліметін алаяққа жібермеген, біздің орталық туралы естіп, бірден осында келген, — дейді заңгер.
Qorgau жобасының аясында заңгерлер өзге әріптестеріне тренинг те өткізеді. Әзірше жоба желтоқсан айына дейін жалғасады. Құқықтық кеңес алу үшін 8 (727) 292 42 74, 293 09 47 байланыс нөміріне хабарласып, тіркелуге болады. Орталықтың мекенжайы: Шевченко көшесі, 111-үй, 1-қабат.