Аружан Шопан, 10-сынып оқушысы

Аружан – Смағұлов атындағы физика-математика мектеп-интернатының оқушысы. Үйдің тұңғышы болғаннан кейін ата-анасы оның мектеп қабырғасынан бастап еңбекке араласып, табыс табуын жөн санаған. Аружан биылғы жазғы демалысында мешіт даяшысы болып жұмыс істеген, бұл істі қиын әрі қызық деп отыр.

«Интернатта тұрғандықтан қосымша шығындарым үшін ата-анам ақша жіберіп тұрады. Менен кейін сіңлім және інім бар. Туысқан аға-әпкелерім жоғары сыныптан бастап жұмыс істеген. Ата-анам маған аттестаты бар оқушы ретінде еңбекке араласуым керек екенін түсіндірді. Бұл өзіме де қызық болды. Сөйтіп, жазғы демалыста жұмыс іздей бастадық. Үйім Алматы облысындағы Қарғалы ауылында. Осы ауылдағы «Шын асыл» мешітіне даяшылар қажет» деген хабарландыруды оқып, өзімнің аға-әпкелеріммен бірге қызметке қатар тұрдық», — дейді ол.

Аружан Шопан
Аружан Шопан. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл Аружанның тұрақты жұмысы емес. Мешітте ас беріліп, жаназа шығарылған уақытта ғана көмекке барады. Әр кездегі қызметі үшін 1500 теңге алып отырады.

«Бұрын үйде көп болса, 5-10 адамды күтетін едік. Ал мұнда жүздеген адамға қызмет көрсету керек. Шапшаң әрі ұқыпты болуың қажет. Шаршап келгеніме ата-анам күліп, «еңбектің наны тәтті болады» деп жігерлендіреді. Шынымен де, өзің тапқан ақша басқаша болады екен», — дейді Аружан.

Мектеп қабырғасынан бастап табыс табатын оқушыға қаржы сауаттылығы жөнінде сұрақ қойып көрдік. Ол тосылмай жауап берді.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Бюджетіңді жоспарлайсың ба? «Иә» болса, қандай мерзімге?

Аружан: Кішкентай кезімнен ақша жинаймын. Оны анамның туған күніне сыйлық алуға, кейде қыдырғанға жұмсаймын. Ата-анамнан ақша сұрай бергім келмейді. Сол себепті қолыма тиген ақшаны құртпай, сақтағым келеді.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Табысыңның 10%-ын өзіңе арнайсың ба? «Өзіңе ақы төлеу» дегенді қалай түсінесің?

Аружан: Қазіргі уақытта барлық табысымды анама беремін. Ол кісі оқу-құралдарымның шығынын жабатын ақша ретінде бөлек жинап жатыр. «Өзіңе ақы төлеу» деген — жақсы оқу. Қазір сапалы білім алсам, кейін өзіме жалақысы мол жұмыс таба аламын.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Сенде «қаржылық қауіпсіздік жастығы» бар ма? Ол туралы бұрын естіген бе едің?

Аружан: Жоқ, естімедім.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Инвестиция жасайсың ба? Депозитің бар ма?

Аружан: Жоқ. Бірақ депозит жайлы білемін. Кейбіреулер баласының оқу ақысын төлеу үшін ертеден депозит ашып қояды. Үй алу үшін де депозит ашатынын естігенмін.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Армандайсың ба? Армандау адамның дәулетті болуына септігін тигізе ме?

Аружан: Армансыз адам болмайтын шығар. Бірақ арман мақсатқа айналуы тиіс. Әйтпесе, құр армандағаннан пайда жоқ. Мысалы, мен болашақта отандық спорттық киімдер шығарғым келеді. Волейболды жақсы ойнаймын. Сол себепті де болар, қазір киімнің түрлі эскизін сызамын.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Бірден шешім қабылдап, іс-әрекетке көшесің бе?

Аружан: Шешімді бірден қабылдамаймын. Әуелі оның дұрыс-бұрысын тексеремін, оңайлықпен тәуекелге бармаймын. Көбіне үлкендердің ақыл-кеңесіне жүгінемін.

Сарапшының кеңесі: Аружан, еңбекке ертеден араласып, қазірден табыс табатыныңыз қуантады. Алайда қаржы сауаттылығы туралы біліміңізді қазірден бастап арттырған жөн. Біріншіден, тапқан табысыңызды анаңызға бергеннен гөрі оқу құралдарын өзіңіз сатып алғаныңыз дұрыс. Осы арқылы қаражатты басқару жөнінен жақсы сабақ аласыз. «Өзіңе ақы төлеу» туралы пікіріңіз өте дұрыс. Табысыңның 10%-ын инвестицияға бөліп отыру қажет. Ал сіздің жағдайыңызда қазір білімге көбірек мән берген жөн. Осы арқылы болашағыңызға өте тиімді инвестиция құясыз. «Қауіпсіздік жастығы» дегеніміз — қаржы құралы. Ол кез келген қолайсыз жағдайда аз дегенде үш айға дейін жететін ақша қоры. Қорға ақша жинауды аз сомадан бастауға да болады. Уақыт өткен сайын табысыңның көлемі артады, ақша жинау әдеті ертеден қалыптасады.

Нұрберген Алдаберген, 3-курс студенті

Нұрберген Алдаберген. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Еңбекке ерте араласуды құп көретін жанның бірі – Нұрберген Алдаберген. Тынышбаев атындағы қазақ көлік коммуникациялар академиясы колледжінің студенті қазір Pixel Cinema студиясында фотограф болып қызмет етеді.

«9-сыныпты қызыл аттестатпен бітіргеннен кейін Алматыға оқуға түстім. 1-курста барлық уақытымды сабаққа арнадым. Келесі жылы ағама көмектесе бастадым. Ол мейрамханада жедел фотоға түсіру кәсібімен айналысатын. Мен де оған еріп, бір күндік қызметім үшін төрт мың теңге көлемінде ақы алып жүрдім. Басында бәрін қызық үшін істейтінмін», — дейді Нұрберген.

3-курс студенті қазір кәсіби фотограф болуды мақсат тұтады. Айтуынша, бос уақытын видеосабақ қарауға арнайды және студиядағы тапсырыс бойынша үйренгенін тәжірибеде қолданады.

«Орташа есеппен қазір айына 70-80 мың теңге көлемінде табыс табамын. Бұл — шәкіртақымнан бөлек кіріс. Шынын айтсам, мені ақша емес, кәсіби болу көбірек жігерлендіреді. Фото, видеоиндустрияда өз қолтаңбасын қалдырған маман болғым келеді», — дейді студент.

Нұрберген де қаржы сауаттылығына қатысты сұрақтарымызға тұшымды жауап берді. Оның ойынша, ақша — арманға жетудің бір құралы.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Бюджетіңді жоспарлайсың ба? «Иә» болса, қандай мерзімге?

Нұрберген: Әрине, шәкіртақым қазіргі уақытта барлық шығынымды жабуға жеткілікті. Қалған табысымды болашақта жүзеге асыруым тиіс жоспарым үшін жинаймын.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Табысыңның 10%-ын өзіңе арнайсың ба? «Иә» болса, не себепті? «Өзіңе ақы төлеу» дегенді қалай түсінесің?

Нұрберген: Оқу, жұмыс деп қана жүрмей, достармен араласуға, жақындарыңды қуантуға көңіл де, ақша да бөлу қажет. Менің ойымша, өзіңе ақы төлеу — денсаулығыңды күту, қыдыруға, демалуға табысыңның белгілі бөлігін арнау. Бұған табысымның 10%-ы кетеді деп айта аламын.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Сенде «қаржылық қауіпсіздік жастығы» бар ма? Ол туралы бұрын естіген бе едің?

Нұрберген: Жоқ, естімедім. Меніңше, бұл — күтпеген жағдайларды ескеріп, арнайы бөліп қоятын ақша қоры. Жоғарыда айтқанымдай, қорымда ақша бар. Тосын жайттар болса, соны қолданамын.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Инвестиция жасайсың ба? Депозитің бар ма?

Нұрберген: Жоқ. Бірақ ақшамды банк картасына салып жинаймын.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Армандайсың ба? Армандау адамның дәулетті болуына септігін тигізе ме?

Нұрберген: Әрине, армандау — мотивацияның бір түрі. Жанұяммен бірге әлемді шарлағым келеді. Ол үшін еңбек ету қажет.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Бірден шешім қабылдап, іс-әрекетке көшесің бе?

Нұрберген: Жағдайға байланысты. Бірақ асығыс шешім қабылдау табиғатымда жоқ. Алды-артымды бағдарлап ойланғанды жөн санаймын. Шешім қабылдасам, іске көшкенді жақсы көремін. Қасымдағы жора-жолдастарымның да осы қасиетін бағалаймын.

Сарапшының кеңесі: Нұрберген, қаражатты басқарудан тәжірибеңіздің бар екені байқалып тұр. Қазір сіз айлық шығындарыңызды жаба алатындай табыс табасыз. Бірақ енді «өзіңе ақы төлеуді» бастау керек. «Өзіңе ақы төлеу» дегеніміз — болашақта табыс әкелетіндей бюджетіңіздің 10%-ын қорда жинау. Қазір орта есеппен 80 000 теңге табыс тапсаңыз, ай сайын депозитке 8 000 теңге салып отырыңыз. Cіздің 96 000 теңгеңіз ең жоғары 12 пайыз мөлшерлемесімен жыл соңында 107 520 теңгеге дейін көбейеді. Бұл ақшаға жаңа объектив сатып алып, қызметіңіздің құнын арттыра аласыз. Осылайша 10 пайыз сізге инвестиция құя алатын адам ретінде қалыптасуыңызға көмектеседі.

Рүстем Ермекбай, кәсіпкер

Рүстем Ермекбай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Отандық «Сабыржан Айрин» киім брендінің негізін қалаған Рүстем Ермекбай — алғашқы кәсібін 15 мың теңгемен бастап, жарты жылдан соң 33 мың долларға сатқан кәсіпкер. Қазіргі бизнесіне дейін ол кәсіптің бірнеше түрімен айналысып көрген. Жеке компанияда қызметкер болған, кейіннен өзінің білім орталығын ашқан, алып-сатумен айналысқан. Осылайша түрлі салада бағын сынып көріп, соңында киім брендін қалыптастырған. Содан ісі өрге жүзіп, 2016 жылы тоғыз дүкенін ашады. Биыл SA sabyrzhanayrin дүкенінің саны тағы да беске артты.

«Алдағы үш жылда отандастарымыздың 10%-ын отандық киім өнімдерімен қамтамасыз еткіміз келеді. Кез келген қазақстандық жыл сайын орта есеппен үш жейде тоздырады. Биыл алдымызға 1 миллион жейде шығарамыз деген мақсат қойып отырмыз. 2017 жылы 110 мың жейде шығарғанбыз. Демек, биыл өнімдеріміз 10 есе өспек», — деп жоспарлайды кәсіпкер.

Рүстем Ермекбайдың қағидасы бойынша жаңа мақсаттан, жоспардан ешқашан қорқуға болмайды. Содан болар, отандық және шетелдік нарықты зерттеп жүрген кәсіпкер бәсекелестерді ығыстырып, «бірінші» болудан тайсалмайды.

«Түркияның үш бірдей киім бренді қазақстандықтардың тарапынан жыл сайын 50 миллиард теңге табыс табады. Қаншама қаражат шетелге кетіп жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін компания шетелдік киім брендтерімен терезесі тең деңгейге жетіп, отандық нарықтан өзгелерді ығыстыру үшін жұмыс істеп жатыр», — дейді Рүстем Ермекбай.

Қаржы сауаттылығына қатысты дәстүрлі сұрағымызға кәсіпкер де жауап берді.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Бюджетіңізді жоспарлайсыз ба? «Иә» болса, қандай мерзімге?

Кәсіпкер: Бюджетті жоспарлаймыз. Бірақ көбіне «шабытқа бөленіп», бюджеттен шығып кетеміз.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Табысыңыздың 10%-ын өзіңізге арнайсыз ба? «Иә» болса, не себепті? «Өзіңе ақы төлеу» дегенді қалай түсінесіз?

Кәсіпкер: Салық төлеген тәрізді бизнесте өзіңе ақы төлеу маңызды. Өйткені сен басқа кәсіпкерлермен кездесесің, ел, жер аралап, жаңа идея қарайсың, ізденесің. Бұл, әрине, шығын болып саналады.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Сізде «қаржылық қауіпсіздік жастығы» бар ма? Ол туралы бұрын естіген бе едіңіз?

Кәсіпкер: Қаржылық қауіпсіздік жастығы бизнесте өте маңызды. Kассалық алшақтық кез келген бизнесте болады. Сол кезде, әрине, жұмысшылардың жалақысын, серіктес жеткізуші, қызметкерлердің еңбегіне төлеуді бірінші орынға қою керек. Айлық шығынға кететін қаржыны ең болмағанда үш айлық есеппен резервте ұстап отыру маңызды.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Инвестиция жасайсыз ба? Депозитіңіз бар ма? «Иә» болса, не себепті?

Кәсіпкер: Білімге, жұмысшылардың тәжірибесін арттыруға, компанияға түсіп отырған табысты қайтадан реинвестиция жасаймыз. Депозиттегі өсім мөлшеріне қарағанда компанияға ақша салсам, кіріс екі-үш есе көбейеді деп сенемін.

Baribar мен «Хоум Кредит»: Армандайсыз ба? Армандау адамның дәулетті болуына септігін тигізе ме?

Кәсіпкер: Егер үлкен бизнес жасағың келсе, армансыз қол жеткізу мүмкін емес деп ойлаймын. Арманың болмаса, кездесетін қиындықтарға төтеп беру оңай емес. Ал қиындық міндетті түрде болады. Сондықтан арман мен үшін маңызды. Шешім қабылдаған кезде де: «Бұл арманыма жеткізе ме, әлде жоқ па?» деп таразыға салып, кейін артқа шегінбестей қадам жасаймын. 

Baribar мен «Хоум Кредит»: Бірден шешім қабылдап, іс-әрекетке көшесіз бе?

Кәсіпкер: Шешім қабылдап, істі тез бастасаң, жетістікке жетуге бір табан жақындайсың. Жетістіктің басты қаруы — іс-әрекет. Бастысы, шешімді дұрыс қабылдау керек. Ол үшін тәжірибесі мол адамнан ақыл-кеңес сұрап алған жөн.

Сарапшының кеңесі: Тәжірибелі кәсіпкер Рүстем Ермекбай инвестиция және қаржы жинағы жайлы жақсы біледі. Бірақ оған компанияның банк картасында ақша сақтамас бұрын депозитке (пайыздан бөлек) көңіл бөлуге кеңес береміз. Депозит инфляциямен күресуге көмектеседі. Өткен жылы Қазақстанда инфляция деңгейі 7,1 пайыз болды, яғни ақшаңыз осынша пайызға азайды. 12 пайызды депозит инфляциямен күресіп, ақшаңыз сақтайды әрі қосымша үстеме аласыз. Бұдан бөлек, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 10 миллион теңгеге дейін және 5 миллион шетел валютасында депозиттерге кепілдік береді.

Хоум Кредит Банк логотипМатериал Хоум Кредит Банкінің «Қаржы сауаттылығы» жобасы аясында дайындалды. Хоум Кредит Банкі 2013 жылдан бері семинарлар, Ашық есік күндерін, Global Money Week және т.б. шаралар өткізіп, отбасы қаражатын басқаруды үйрету жөнінен материал, «Балалар және Ақша» кітабын шығарып, халыққа қаржы сауаттылығы жөнінен тегін білім беріп келеді.