Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминмен кездесті

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысы Асқар Маминді қабылдады.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері талқыланды.  

Нұрсұлтан Назарбаев Арыстың әлеуметтік маңызды нысандары мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және Түркістанды дамыту шараларына ерекше назар аударды.

Кездесуде ұлттық экономикаға шетел капиталын тарту және ел өңірлерінің инвестициялық ахуалын жақсарту мәселелері де қаралды.

Елбасы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, соның ішінде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруды тиісті деңгейде қадағалау үшін Үкімет пен Nur Otan партиясы бірлесе жұмыс істеуі керек екенін айтты. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 19 тамыздағы жағдай бойынша Арыста 7034 тұрғын үй қалпына келтірілді. Оның 751-і әрленіп жатыр. 56 әлеуметтік нысан тапсырылды, оның 50-і білім беру, төртеуі денсаулық сақтау және екеуі — спорт нысаны.

Қалада 7,5 мың адам жұмыс істеп жатыр, құрылысшылар құлағалы тұрған 33 саман үйдің орнына кірпіш үйлер салды.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша барлығы 455 жеке тұрғын үй нысаны бұзылуға тиіс. Меншік иелерінің келіспеуіне байланысты 34 үйде жөндеу жұмысы әлі басталған жоқ. Даулы мәселелер 17 секторда бекітілген әкімдік өкілдерімен бірге пысықталып жатыр.