Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметі бойынша бүгінде әлем бойынша иммун тапшылығы вирусы инфекциясын жұқтырған 37 миллионнан астам адам бар. Қазақстанда осындай вирус жұқтырған 23 799 адам елімізде «Аман-саулық» қоғамдық қоры айналысып жүрген Зиянды төмендету тұжырымдамасының арқасында күнделікті ем ала отырып, толыққанды өмір сүріп жатыр. Соңғы 6 айда иммун тапшылығы вирусы инфекциясын 1 759 адамның жаңадан жұқтырғаны тіркелді, оның 31,6%-і ауруды қан арқылы, 64%-і жыныс жолымен жұқтырған.
Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен, туберкулезбен және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қор грантын іске асыру тобының Қазақстандағы адамның иммун тапшылығы вирусы компоненті бойынша ұлттық үйлестірушісі Татьяна Дәулетғалиеваның айтуынша, аурудан сақтануға және оның зиянын төмендету үшін вируспен бастапқы кезеңде күресуге көңіл бөлу маңызды.
1. Қазақстанда иммун тапшылығы вирусы инфекциясының таралуын азайту бойынша қандай іс-шара өткізіледі?
Бүгінде жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен күрес орталықтары адамды одан сақтандыру шараларын жүргізеді. Иммун тапшылығы вирусы инфекциясы үш жолмен таралады: қан арқылы, жыныс жолымен және анадан балаға берілу арқылы. Аурудан сақтандыру жұмысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен жүргізіледі. Қазақстан бойынша сенім пунктілері жұмыс істейді, олар адамдарға консультация мен қажет мәлімет береді, тестілеу жүргізеді, әркім дер кезінде емделуді бастауы үшін олардың иммун тапшылығы вирусы статусын анықтайды.
Ауруды болдырмау бағдарламаларына үкіметтік емес сектор белсенді араласады. Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес орталықтары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп халықтың, әсіресе, жастардың арасында салауатты өмір салтын, жыныстық мәдениетті, нашақорлықпен күресті насихаттайтын түрлі бұқаралық іс-шара ұйымдастырады.
2. Иммун тапшылығы вирусы бар адамдар ел қатарлы өмір сүріп, дүниеге дені сау балалар әкеле ала ма?
Қазіргі уақытта бұл созылмалы ауру ретінде қарастырылады. Иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін адамдар ел қатарлы еңбек етіп, дені сау бала туып, бақытты бола алады. Оларды дені сау адамдардан ажырататын жалғыз нәрсе — өмір бойы антиретровирус терапияcын қабылдауы қажет. 1998 жылдан бастап Қазақстанда бұл ем тегін беріледі. Иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың 10%-і ғана мұндай терапияны қабылдамайды және бұл көп елге қарағанда жаман көрсеткіш емес. Мысалы, 2018 жылдың мәліметі бойынша Ресейде иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың 40%-і ретровирусқа қарсы ем алмайды.
Иммун тапшылығы вирусы инфекциясын жұқтырмаудың негізгі принципі — сақтықпен, жауапкершілікпен өмір сүріп, салауатты өмір салтын ұстану. Ауру анадан балаға үш жағдайда берілуі мүмкін: жүктілік, босану және бала емізу кезінде. Иммун тапшылығы вирусы бар босанушылар мейлінше сақтанған кезде дені сау балаларды өмірге әкеледі.
3. Иммун тапшылығы вирусы инфекциясының симптомдарын қалай анықтауға болады?
Оның ерекше белгілері жоқ, оны сыртқы белгілер бойынша анықтау мүмкін емес. Ол симптомсыз болуы мүмкін. Тек иммунитеттің жылдар бойы әлсіреуінен байқауға болады. Мұндай инфекция «баяу» вирустық инфекциялар тобына жатады. Ағзада вирустың бар-жоғын білудің жалғыз сенімді жолы — тест тапсыру. Иммун тапшылығы вирусына тән антиденелер 3 айға дейін жинақталады. Осыдан кейін қандағы антиденелер саны бойынша вирустың бар не жоқ екенін білуге болады.
Иммун тапшылығы вирусын ауа-тамшы арқылы жұқтыру мүмкін деп ойлайтын адамдар әлі де бар. Бірақ бұл олай емес. Бұл вирус ауа, су арқылы, тұрмыстық жолмен, бір ыдысты, бір дәретхананы, бір көлікті пайдаланудан, бір бассейнде жүзгеннен, қол алысудан, құшақтасудан, сүйісуден жұқпайды. Тіпті, ол вирусты қан соратын жәндіктер де тарата алмайды.
4. Иммун тапшылығы вирусы инфекциясының таралуын тоқтатуға мүмкіндік бар ма?
Біздің мемлекет адамның иммун тапшылығы вирусының таралуын тоқтату үшін адамдар арасында оны ерте анықтауға бағытталған көп жұмыс жүргізіп жатыр. Біздің басты міндетіміз — ел тұрғындарының 90%-іне ауруға қатысты статусын анықтап беру. Сонда ғана біз ерте ме, кеш пе, осы вирусты мәңгілікке жоя аламыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда өзінің иммун тапшылығы вирусы статусын білгендер саны — 76%.
Қазақстанда иммун тапшылығы вирусы инфекциясы індеті шоғырлану сатысында тұр. Халық арасында оның таралуы 0,1%-тен аспайды. Елімізде аурудың зиянын төмендету, азаматтарды аурудың берілу жолдары мен оның алдын алу құралдары туралы хабардар ету жөніндегі бағдарламалар іске асырылып жатыр. Иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін адамдар ретровирусқа қарсы ем алады. Препараттың түрлерін кеңейту, фиксациялық ставкасы бар құрамдастырылған препараттарды практикаға енгізу иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін адамдардың ем қабылдауын жеңілдетеді және олардың өмір сүру сапасын жақсартады.
Иммун тапшылығы вирусы барлардың жас шамасы — негізінен 15 пен 49-дың арасы. Ауру жұқтырған зейнет жасындағы адамдар да бар. Бұл егде адамдар дер кезінде емін бастамаған немесе статусын жас кезінде білмеген адамдар. Зиянды төмендету бағдарламасын табысты іске асыру инъекциялық есірткіні қолданған кезде мұндай адамдар арасында аурудың қан арқылы берілуін төмендетуге септігін тигізді.
5. Зиянды төмендету және иммун тапшылығы вирусы инфекциясының жаңа жағдайларын болдырмау шаралары қандай? Әр адам нені білуі қажет?
Есірткі қолданушылар арасында иммун тапшылығы вирусының таралу қарқынын төмендету үшін зиянды төмендету тұжырымдамасын қолдану өте маңызды. Оған ине мен шприц алмасу бағдарламасы, опиоидты алмастыру терапиясы және есірткіге тәуелділікті емдеудің басқа түрлері, иммун тапшылығы вирусын анықтау үшін тестілеу және кеңес беру, ретровирусқа қарсы ем, жыныс жолымен берілетін инфекциялардың алдын алу және емдеу, инъекциялық есірткіні пайдаланатын адамдарға және олардың жыныстық серіктестеріне бағытталған ақпараттандыру және коммуникация саласындағы мақсатты бағдарламалар кіреді.
Иммун тапшылығы вирусы бар адамдар үшін кеселдің зиянын азайту деп мына жайттарды айтады:
- инъекциялық есірткіні пайдаланудан бас тарту;
- коммерциялық секс қызметін пайдаланудан бас тарту;
- кездейсоқ адамдармен, гомосексуалистермен, нашақорлармен және бейберекет жыныстық қатынас өкілдерімен төсектес болмау;
- жыныстық қатынаста презерватив қолдану;
- құлақты тесу, татуировка салу, пирсинг сияқты инвазив манипуляциялар бойынша мамандандырылған медицина мекемелерінде ғана жасату.
Әрбір адам өз денсаулығына жауап береді, сондықтан қауіп факторларын басқару үшін аурудан сақтану тәсілі маңызды. Биотехнологиялардың, фармакологияның дамуына қарамастан бұл аурумен күрестің түпкілікті құралы әлі табылмады. Әзірше иммун тапшылығы вирусына қарсы тиімді вакцина белсенді іздестіріліп жатыр, қазіргі уақытта иммун тапшылығы вирусы инфекциясының таралуын болдырмаудың бірден-бір пәрменді құралы — халықты ақпараттандыру, — дейді Татьяна Дәулетғалиева.