Оқушы кезімде дизайнер болуды армандадым. Бірақ үйдегілердің қалауымен қаржыгер мамандығына түстім. Мамандығым маған ұнайды. Болашақта өзімді қаржыгер ретінде де көремін. Мықты маман болу үшін аянбай еңбек ету керек. Қаржыгердің айлығы жоғары болғанымен, мен мұндайға дайын емеспін. Университетті бітіргеннен кейін өз мамандығым бойынша жұмыс істемедім. 3-курстан бастап, татуировка салумен айналыса бастадым. Басында мұны тек уақытша хобби ретінде көріп жүрдім. Студент болғандықтан, артық ақша ешқашан көп болмайды ғой (күліп). Қарап отырсам, бұл салада жүргеніме 4 жыл болыпты.

Ата-анам түсіністікпен қарайды

Ата-анам қаржыгер емес, татуировка саласын таңдағаныма қарсылықтарын білдірмеді. Өзіме ұнағандықтан мені қолдады. Татуировка – менің өмірім. Мен одан бас тарта алмаймын. Бастысы үйдегілер түсіністікпен қарайды.

Кейде анам: «Өзіңе де, өзгеге де татуировка салма», — деп айтады.

Анара Мирзахметова, татуировщик
© Дарын Шөкенов

13 жасымда беліме жұлдызшаның суреті бар татуировка салдырғым келді. Дәл осындай татуировканы теледидардан бір танымал әйелден көріп қалған едім. Сосын мен де соны қайталағым келді (күліп).

Бірінші болып татуировканы құрбым салдыртты. Татуировкасының қатты ұнағаны соншалық, көп ойланбастан бірден барып, кеудемнің астына жазу жаздырдым. Алғашқы татуировкамды осылайша 17 жасымда салдырттым. Бұл туралы ата-анам бір жарым жылдан кейін бірақ білді. 18-ге толып, анамды кішкентай бір татуировка салдыруға көндірдім. Анам рұқсат берген соң, алғашқы татуировкамды жасырудың қажеті жоқ деп ойладым. Басында олар ештеңе болмағандай түр жасады. Бірақ анам қазіргі уақытқа дейін соны еске алып, ренжитіні бар (күліп).

Барлығы хоббидан басталды

Мен сурет салғанды қалай жақсы көрсем, татуировканы да солай жақсы көремін. Осы екеуін неге қосып көрмеске деген ой келді. Татуировка салуды бастағанымда, Инстаграм желісіндегі парақшама жұмыстарымды сала бастадым. Адамдар маған жазылып, клиенттерімнің саны көбейе бастады. Бұл хоббиімді тастауды ойлап жүргенімде, клиенттерім жалғастыруымды өтініп, көп хаттар жазды. Содан бастап бүгінгі күнге дейін жалғастырып келемін.

Анара Мирзахметова, татуировщик
© Дарын Шөкенов

Дәл қазір маған бұл іспен айналысқан ұнайды. Татуировка салумен өмір бойы айналысамын деп айта алмаймын. Себебі, жарты немесе бір жылдан кейін татуировка салудан қазіргідей ләззат алмауым да мүмкін. Уақыт өте келе, өзімді басқа салада шыңдайтын шығармын. Мен кез келген салада жұмыс істей аламын. Өзімді барлық маман иесі ретінде көремін. Бірақ ол жұмыстың офисте отыратын қатып қалған қағидасы болғанын қаламас едім. Маған шығармашылық саласында жұмыс істеген ұнайды. Мысалы, журналист, сахна, кино, ұйымдастыру шаралары, т.б.

Қыздармен ғана жұмыс істеймін

Нақты бір хоббиім жоқ. Татуировка салудан басқа, сноуборд тепкен ұнайды. Қыс мезгілін қатты жақсы көремін. Одан бөлек, вокалмен айналысамын. Негізінде, адамның қолынан келмейтіні жоқ. Егерде қаласаң, жетістікке әр салада жетуге болады. Өз жұмысымды қатты жақсы көремін. Бірақ жұмысым үшін, құрбандыққа бармас едім. Ауырып қалсам немесе көңіл-күйім болмаса, басқа адамдарға ашу-ызамды көрсеткім келмейді. Мен тек өзіме ұнайтын нәрсемен ғана айналысамын. Ақшадан қысылып тұрсам да, өзіме ұнамайтын жұмысты істей алмас едім және мені ешкім мәжбүрлей де алмайды.

Анара Мирзахметова, татуировщик
© Дарын Шөкенов

Маған қыздармен жұмыс істеген ыңғайлы. Маған адамдармен ашық сөйлескен ұнайды. Алғашында жігіттерге де татуировка салатынмын. Бірақ олар менің көп сөйлейтінімді дұрыс түсінбей қалатын. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін, тек қана қыздармен жұмыс істеймін деп шештім.

Қыздардың көбісі татуировканы көрінбейтін жерге салдырады

Ең көп келетін клиенттердің жасы 18 бен 25 жас аралығындағы қыздар. Ең кішкентай клиент 15 жастағы қазақ қызы болды. Анасымен бірге келіп, екеуі жұптық татуировка жасатқан болатын. 50-ден асқан әйелдер де келіп, алғашқы татуировкаларын салдыртады. Ең көп сұранысқа ие татуировкалар: гүл, жүрек, жазу, есімінің инициалдары, белгілер, қыз бен жігіт силуэты, жануардың суреті, т.б. Қыздардың көбісі татуировканы көрінбейтін жерге салдыртады. Тіпті жасы 30-дан асқан болса да, «мама көріп қойса не айтады» деп, қобалжитындары да бар (күліп).

Татуировканың бағасы салынатын сурет пен оның көлеміне байланысты. 10 мың теңгеден бастап, жоғарылай береді. Көбінесе татуировканың орташа бағасы 20-25 мың теңге көлемінде шығады.

Оқиғасы бар татуировка — ең ерекше татуировка

«Ең ерекше татуировкаңыз қандай?» деген сұрақ маған жиі қойылады. Шынымды айтсам, бұл сұраққа жауап беруге қиналамын. Егерде татуировканың өзіндік оқиғасы болса, маған сол қымбат. Ол жәй ғана кішкентай гүл болса да, бірақ сол адам үшін маңызы зор болатын болса, мен үшін осындай татуировкалар ерекше. Кейбір клиенттер ұзақ уақыт бойы өмірінің әр кезеңін білдіретін белігілерден эскиз жасап әкеледі. Маған клиенттерімнің оқиғасын тыңдаған ұнайды.

Мен татуировканы қызық үшін салдыртпаймын. Меніңше, олай жасауға мүлдем болмайды. Денемде еш мағынасы мен оқиғасы жоқ татуировканың болмайтынына сенімдімін. Бұрындары құрбым екеуміз қызық үшін фан-татуировка жасатқымыз келген (күліп). Егерде сол татуировканы болашақта жасайтын болсам, мен үшін ол да ерекше болар еді.

Анара Мирзахметова, татуировщик
© Дарын Шөкенов

Денемдегі әр татуировканың оқиғасы бар

Денемде 7 татуировка бар. 17 жасымнан бастап, жыл сайын 1 татуировкадан салдырып отырдым. Әр татуировканың жеке оқиғасы бар. Олардың біреуі қатты ұнайы, екіншісі орташа деп бөліп жаруға келмейді. Татуировканы 2 жағдайда, яғни қызық үшін және біреудің портретін ешқашан салдырмас едім.

Денемдегі әр татуировка менің өмірімнің әр кезеңін білдіреді. Олардың барлығын ерекше жақсы көремін.

Татуировкалары:

  1. Кеуде астында жазу;
  2. Білегінде руна тілінде жазылған сөз;
  3. Клеопатра;
  4. Будданың шексіздік белгісі;
  5. Египет құдайы;
  6. Аяғында кішкентай гүл;
  7. Лотос гүлі мен жүрекше.
Анара Мирзахметова, татуировщик
© Дарын Шөкенов

Мені кез келген талантты адам шабыттандыра алады

Мені басқа адамдардың шығармашылығы шабыттандырады. Талантты адамдарға тамсана қараймын. Өз ісінен рахат алатын жандарды жақсы көремін. Бірақ, нақты бір адамдардың атын атай алмаймын. Себебі, мұндай адамдарды ойламаған жерден кездестіріп қалуым мүмкін ғой.

Қыз татуировщик болған өте қызық (күліп). Менің өз аудиториям бар. Клиенттерім де көп. Көп клиенттеріммен жақсы қарым-қатынастамын. Мен сүйкімді татуировкаларды көп саламын және ол маған қатты ұнайды. Клиенттерімнің маған жылы шырай танытып, жылы сөздер айтатыны мені шабыттандырады. Клиенттерімді қатты жақсы көремін. Менің жұмысым маған ешқандай да қиыншылық әкелмейді.