19 тамызда Open Almaty порталында «Бюджетке қатысу» пилот жобасы бойынша өтініш қабылдау басталады. Бұл жоба аулаларды абаттандыру, саябақтар, скверлер мен спорт алаңдарын салу, көшелерге жарық орнату, тұрғындардың өмір сүру ортасын жақсарту сияқты идеяларды бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, пилот жоба 2019-2020 жылдарға арналған. Алматының сегіз ауданында осындай идеяларды іске асыру үшін қала бюджетінен 500 миллион теңге бөлу қарастырылған.
Қала тұрғындары ұсыныстарын Budget.open-almaty.kz қоғамдық қабылдау порталы арқылы жолдай алады.
Үздік идеяларды тұрғындардың өзі дауыс бере отырып анықтайды. Оларға қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдары да бағасын береді.
Жобаға ұсынысылған өтініштер мына критерийлерге сай болуға тиіс:
- бір автор — бір өтінім — бір нысан;
- нысанның игілігі жалпыға ортақ болуы керек;
- нысан қарастырылып отырған ауданның аумағында, жалпы пайдаланудағы жер учаскесінде болуы керек.
Жобаға ұсыныстарды беру тәртібі мен іріктеу критерийлері, сараптау комиссияларының функциясы туралы толық ақпаратты Open Almaty порталындағы «Алматының 2019-2020 жылдарға арналған «Бюджетке қатысу» пилот жобасын ұйымдастыру» деген бөлімнен алуға болады.
Өтініш беру барысында техникалық қиындықтар туындаған жағдайда мына телефон нөміріне хабарласуға болады: +7 775 818 05 73.
«Бюджетке қатысу» жобасының ұйымдастырылуы, өтініш беру мен іріктеу тәртібі туралы қосымша сұрақтар бойынша +7 727 224 39 29 (ішкі «203», «103») нөміріне хабарласу қажет.