Алматыда халықаралық басқосу мүгедектігі бар әйелдерге арналды

Алматыда Алматы әкімдігінің және Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Әйелдер мәселесі жөніндегі комитеттің қолдауымен мүгедектігі бар әйелдер мәселесіне арналған халықаралық конференция басталды.

«Алматы ақшамы» басылымының хабарлауынша, конференцияда түрлі жағдай салдарынан мүгедектігі бар деген топқа жіктелген қыз-келіншектердің құқықтары мен мүдделері, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық жағдайлары, олар үшін қоршаған ортаның қолжетімділігі мәселесі жан-жақты талқыланды. Басқосуға республикамыздың барлық  аймағындағы мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының өкілдерімен қатар  Түрікменстан, Қырғызстан, Ресей, Финляндия мемлекеттерінің делегациясы да қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Конференцияны ұйымдастыруға қалалық мәслихат депутаты Ләззат Қалтаева жетекшілік ететін «Шырақ» мүгедек әйелдер қоғамы бастамашыл болған. Басқосуда Алматы әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Нәзира Тоғызбаева конференцияға қатысушыларға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жолдаған құттықтауды жеткізді.

Онда әкім Алматының әлемдік деңгейдегі басқосулар алаңы екенін, Қазақстанда гендерлік саясат, мүгедектігі бар азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру жұмысының қарқынды жүргізіліп жатқанын, соңғы уақытта елімізде кемтар азаматтардың да қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлініп отырғанын айтқан.

Конференцияда Экономикалық және әлеуметтік комиссияның Солтүстік және Орталық Азияға арналған субаймақтық бөлімінің өкілі Николай Помощников, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілі Гүлнар Смайылова, БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы жөніндегі қорының Қазақстандағы өкілі Ғазиза Молдағұлова, Финляндияның Kynnus қауымдастығының жетекшісі Веера Песалалар баяндама жасап, бұл шараның мүгедек қыз-келіншектерге жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Айта кетейік, бүгінде дүниежүзі бойынша мүгедектігі бар 1 миллиардтан астам азамат болса, соның әрбір бесіншісі — әйел адам. Алматыда мүгедектігі бар 34 мыңнан астам адам тұрады.