Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі мүшелерімен кездесті

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Конгресі өкілдері палатасы мүшелерінің кездесуі барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту жайы және өңірдің күн тәртібіндегі өзекті мәселер талқыланды.

АҚШ — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Біз сауда-экономика, инвестиция және энергетика салаларында тығыз ынтымақтастық орнаттық. Елдеріміздің өзара табысты іс-қимылдарының маңызды бағыты — қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау саласы, — деді Қазақстан басшысы.

Америка конгрессмендері Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, көздеген реформаларының табысты жүзеге асуына тілек білдірді. Девин Нуньес пен Рик Кроуфорд Қазақстанның Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы роліне жоғары баға беріп, Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалпына келтіру ісіндегі бірлескен іс-қимылдардың маңызды екенін айтты.