Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде білім беру, денсаулық сақтау және девелопмент саласындағы перспективасы бар 13 жоба таныстырылды. Оларды іске асыру ел экономикасына 27,6 миллиард теңге инвестиция тартуға, 1 500-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Білім беру саласындағы 11 инвестициялық жоба жалпы алғанда мектептерде 10 мыңнан астам орын мен балабақшаларда 1 мыңға жуық орын ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, Tamos Education серіктестігі жеке физика-математика мектебін салуды қарастырып жатыр. Тартылатын инвестиция сомасы 4 миллиард теңгеден асады.
Singapore International School Kazakhstan ЖШС жобасы бойынша мектеп қалашығын салу көзделіп отыр. Сингапур инвесторлары мұнда жаңа білім беру жүйесін енгізеді, жаз уақытында семинар-дәрістер өткізіліп, тәжірибе алмасу үшін шетел профессорлары шақырылады.
EURO AST KZ2019 серіктестігі 500 орындық мектеп пен 120 орындық балабақша салғалы отыр. Сонымен қатар мектеп құрылысына тағы 8 компания ниет білдірді.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Жүйелі негізде біз түрлі елдің инвесторларымен кездесеміз, мысалы, бүгін Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшісімен, бұған дейін Ұлыбритания, Түркия және тағы басқа елдер инвесторларымен кездестік. Қазір мектептерде орын 20 мыңға жуық тапшы. Қазір қалада үш ауысымда оқытатын 5 мектеп бар. Егер мамыр айында мектептен 6 мың оқушы шыққан болса, жаңа оқу жылында 1-класқа 24 мың бала келеді. Отандық және шетел инвесторларын тарта отырып, жекеменшік мектептердің құрылысы есебінен біз оқу орындарында 20 мыңға жуық орынды қамтамасыз етуіміз керек, — деді Алтай Көлгінов.
Қала әкімінің айтуынша, мектеп құрылысын таңдаған кезде сол учаскедегі халықтың тығыздығын, инженерия желілері мен инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігін ескеру қажет. Оқу жылының соңында қалада барлығы 108 мектеп болды.
Кеңесте Томотерапия және ядро медицинасы аурухана кешені құрылысының жобасы да қолдау тапты. Сонымен бірге әскери қызметшілерге ұзақ мерзімге берілетін апартаменттерді салу жобасы қаралды.