Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 4-қызметінің 5-департаменті мен комитеттің Павлодар облысы бойынша департаменті бірлескен арнайы операция өткізіп, Алматы мен Павлодарда екі адамды ұстады.
Заңсыз айналымнан 7 «Калашников» автоматы мен 2 «Макаров» тапаншасы және түрлі калибрлі оқ-дәрі тәркіленді. Ұсталғандар Таразға жеткізілді, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірге мұндай арнайы операцияны Маңғыстау облысында да жүргізді. Арнайы операция барысында ұсталғандардың мекенжайынан «ТТ» және «Макаров» тапаншалары, дыбысөшіргіші бар револьвер, «Сайга» карабині, 3 травматика тапаншасы, 9 шолақ мылтық, оның 160-тан астам оғы, есірткі заттары, суық қару және 5,6 миллион теңге көлеміндегі ақша табылып, тәркіленген.
Оның алдында — 18-19 шілде күндері Алматыда, Шымкентте және Қызылордада да арнайы операция жүргізілді. Мамандар атыс қаруын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойды.