Алматы облысында өрттен қаза тапқандар наградаға ұсынылады

Дала өрті кезінде 7 адам күйіп қалып, 3 адам қаза болған еді.

Кеше Панфилов аудандық орталық ауруханаға 7 адам жеткізілді. Оның бесеуі амбулатория емін алу үшін үйіне қайтарылды, екеуі ауруханада. Біреуі жансақтау бөлімінде, екіншісі хирургия бөлімінде. Олардың жағдайы бірқалыпты, — деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әкімдік өрт салдарынан қаза болған үш азаматты жерлеуге көмек береді.

Мерт болғандардың екеуі бүгін, үшіншісі ертең жерленеді. Алматы облысы әкімінің тапсырмасы бойынша олардың отбасына барлық қажет көмек беріледі. Қаза болғандар мемлекеттік наградаға ұсынылады. Сонымен бірге марқұмдардың бірі — 1984 жылы туған азаматтың отбасына мемлекеттік қордан тұрғын үй беріледі, — дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Алматы облысының әкімдігі дала өртін сөндіру кезінде қайғылы қазаға ұшырағандардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты. 

Панфилов ауданы Талды ауылдық округінің аумағындағы таулы жерде 5 тамыз күні өрт шыққан. Өртті сөндіру кезінде қаза болғандардың біреуі — Жаркент орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері, екеуі — жергілікті тұрғын. «Қазгидромет» кәсіпорны мамандарының хабарлауынша, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында дала өрті қаупі күшейіп тұр.