Алматы облысында дала өрті кезінде үш адам қаза тапты

Министрліктің мәліметінше, қайтыс болғандардың біреуі — Жаркент орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері, қалған екеуі — өртті өз күшімен сөндірмек болған жергілікті тұрғын.

Сонымен бірге тағы 7 адам денесін түрлі дәрежеде күйдіріп алды, оның біреуінің аяғы сынған.

Зардап шеккендер Лесновка ауылына тікұшақпен жеткізілді, олар одан әрі Жаркент орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Оқиға орнында Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің жеке құрамынан 59 адам, 13-тен астам арнайы техника және Жаркент мемлекеттік орман мекемесінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлады ІІМ мамандары.

Жалын ошағын сөндіруге өрт сөндірушілермен, полиция қызметкерлерімен бірге жергілікті тұрғындардан және орман шаруашылығы қызметкерлерінен құрылған өртке қарсы ерікті құрылымдар жұмылдырылды. Таулы жердегі өртті сөндіру қиындық туғызған, жақын маңда суқойма жоқ, сол себепті Ми-8 тікұшағы адамдарды тасымалдап, қоржынды бүріккіштерді сумен толтыру үшін жұмыс істеді.

Табиғи апатпен күрес аса қиын жағдайда өтті. Күрделі метеожағдайда айналаның көрінуі нашар болды, өрт сөндірушілерге бірнеше есе күш жұмсауға тура келді. Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмысы жалғасып жатыр. Өрт ошақтарын оқшаулау үшін қосымша күш-құрал тартылды. Оқиға орнына «Қазәуеқұтқару» кәсіпорнының тағы бір тікұшағы жіберілді. Жағдай қатаң бақылауда, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайларды жою кезінде қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасына көңіл айтады.

Еске салайық, соңғы күндері Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында дала өрті қаупі күшейіп тұр.