Алматыдағы ірі өрт 7 сағаттан соң өшірілді

Алматыда лак-бояу өнімдері қоймасындағы өрт сөндірілді.

Алматы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер жалынды сағат 14.49-да түгел өшірді.

Өрт ауданы 450 шаршы метр болды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Қоймадағы өртті ауыздықтауға барлығы 7 сағат уақыт кеткен. Мамандардың мәліметінше, оқиға орнына «Қазәуеқұтқару» акционерлік қоғамының екі тікұшағы биіктен су шашты.

Өртке тікұшақтан су шашылып жатыр
Өртке тікұшақтан су шашылып жатыр. Фото: Тengrinews.kz

18 шілде күні жергілікті уақыт 07.45-те «101» пультіне Жетісу ауданындағы қоймалардың бірі өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Кейін оның лак-бояу өнімдері сақталатын нысан екені белгілі болды. Тұрғындар аумақта күйік пен күйген сыр иісі шығып тұрғанын айтқан. Мамандар қоймада 200 мың тонна химия өнімі бар екенін хабарлады.

ДереккөзTengrinews.kz