Еnergyprom.kz аналитиктерінің мәліметінше, осы секторда көрсетілген қызметтің ең көп көлемі кітапханалар мен оқу залдарына тиесілі — 40,5%, бұл мекемелер биылғы үш айда 4,5 миллиард теңгенің қызметін көрсетті, сома былтырғы бірінші тоқсанға қарағанда 12,7% көп.
Салада көрсетілген қызмет көлемінің 22,4%-і музейлерге тиесілі — 2,5 миллиард теңге. Көрсеткіш бір жылда 36,6% артқан.
Аналитиктер алдағы уақытта мәдениет нысандары көрсететін қызмет көлемі арта түседі деп отыр. Себебі Нұр-Сұлтанның өзінде бір мезгілде 300 адамға қызмет көрсете алатын ірі планетарий салынып жатыр. Қазір оның бір бөлігі — Ғарыш пен ғарыш кемелері макеті музейінің құрылысы аяқталды. Сонымен бірге ел астанасында Жедел медициналық жәрдем музейі ашылды.
Жалпы, соңғы 10 жылда республикамызда музейлер саны 40-қа көбейді. 2009 жылы 204 музей жұмыс істеген болса, 2019 жылдың басында 245 музейдің қызмет көрсетіп жатқаны есепке алынды. Мұндай мәдениет мекемелерінің саны жөнінен республика бойынша үш өңір алда тұр: Алматы облысында 28, Түркістан облысында 27 және Ақтөбе облысында 20 музей бар.
Еске салайық, бұған дейін Ranking.kz зерттеушілері 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан музейлері 10 миллиард теңгеге жуық қызмет көрсеткенін хабарлаған еді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24,4% көп.