1930-1940 жылдары Әбілхан Қастеев әйел теңсіздігі туралы әңгімелейтін психологиялық картиналар салды. Оған «Қызды еріксіз әкету» (1937), «Қалыңмалға сатылған қалыңдық» (1937) атты еңбектері дәлел. Ежелгі тұрмыстың ескі салтын көрсету үшін суретші күңгірт, көңілсіз түстерді, келеке, сықақ стилін таңдаған.

Әбілхан Қастеев. "Қалың малға сатылған қалыңдық"
Әбілхан Қастеев, «Қалыңмалға сатылған қалыңдық». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Қалыңмалға сатылған қалыңдық» картинасы 1938 жылы майлы бояумен салынған. Онда Қазақстанда революцияға дейін болған феодализм әдет-салты көрсетілген. Автор ықшам тәсілдермен әйелдің тағдыры туралы ой-толғамын ұсынады.

Әбілхан Қастеев, «Қызды еріксіз әкету». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Қызды еріксіз әкету» картинасының сюжеті драмалығымен көркем. Онда қалыңдықты күштеп алып бара жатқан көрініс бейнеленген. Бірінші планда қызды әкетіп бара жатқан үш ер адам. Бақытсыз қызды айдалаға алып қашу үшін ерттеулі үш ат дайын тұр. Суретші картинадағы қайғылы жағдайды, психологиялық шиеленісті беру үшін күңгірт және күрделі райдағы түсті бояу тақтайшаны шебер пайдаланған. Кейіпкерлер бейнесі үрейлі де, қайғылы көрінеді.

1937 жылы Әбілхан Қастеев Қазақстан Суретшілер одағына мүше болды. Оның шығармашылығындағы осы кезең оған көп жеміс әкелді. Суретші қазақ өмірінің шынайы бейнесін көрсетуге тырысты.

Әбілхан Қастеев "Түркісіб"
Әбілхан Қастеев, «Түрксіб». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әбілхан Қастеев «Түрксіб» картинасын 1969 жылы есінде қалған бейне бойынша салған. 1927 жылы Қазақстанда Түрксіб теміржол магистралінің құрылысы басталған еді. Композиция ел өміріндегі маңызды оқиға — теміржолдың салынуына арналған. Паровоздан будақтаған ақ түтін мен вагондарды қызықтауға келген көп адам. Ат пен түйе мінгендердің арасында сәнді киінген әйелдер, қарттар мен балалар бар. Бәрі техниканың кереметімен жүзбе-жүз кездесіп тұр. Қастеев бұл композициясында адамдардың құлшынысы мен қарапайым энтузиазмын көрсеткісі келді.

Алексей Бортников "Мал өсіруші колхозшылардың хаты" 
Алексей Бортников, «Мал өсіруші колхозшылардың хаты». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алексей Бортниковтың 1949 жылы салынған «Мал өсіруші колхозшылардың хаты» атты жұмысы. Туынды социалистік реализм стилінде орындалған. Бұл стильде 1930 жылдардың ортасынан кеңес адамдарының өмірі туралы баяндалады. Сол жылдардағы кеңес өнерінің барлық шығармасында орныққан өршілдік көңіл-күй де социалистік реализмге тән құбылыс. Алексей Бортниковтың картинасында сол заманның ақиқаты дәл берілген. Онда интернационализм мен ұйымшылдық тән кеңес адамның бейбіт еңбегі мен коммунизм идеалдарына деген шынайы сенімі көрсетілген.

Маргарита Толоконникова "Бала-бақшадағы таңертеңгілік"
Маргарита Толоконникова, «Балабақшадағы таң». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Маргарита Толоконникова «Балабақшадағы таң» картинасын 1956 жылы салған. Суреттен Кеңес Одағының еңбекшілері ғана емес, балаларының да тату-тәтті өмір сүргені бейнеленген.

Дулат Әлиев "Қауырт шақ"
Дулат Әлиев, «Қауырт шақ». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дулат Әлиевтің 1981 жылы салған «Қауырт шақ» картинасында қазіргі қоғамдық көлік бейнеленгендей. Суретші туындыларының басты тақырыбы — адам, оның өмірі мен тағдыры, тіршілік-тынысы. Дулат Әлиевтің «Отырардың күйреуі», «Қысқы кеш», «Ана мен бала», «Отандастар» және «Достар» сияқты тағы басқа туындылары танымал.

Александр Пономарев, Шығанақ Берсиевтің мүсіні
Александр Пономарев, Шығанақ Берсиевтің мүсіні. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Социалистік еңбек ері Шығанақ Берсиевтің мүсінін Қазақстанның алғашқы мүсіншілерінің бірі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Пономарев жасаған. Ол алғаш рет 1957 жылы тұңғыш республикалық мүсін көрмесіне қойылды. Колхозшы Шығанақ Берсиев Ұлы Отан соғысы кезінде тары өсіруден рекорд жасап, Ленин орденімен марапатталды.

Нұх пайғамбардың кемесі
«Нұх пайғамбардың кемесі». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Нұх пайғамбардың кемесі» мүсіні 1989 жылы қоладан жасалған. Авторы көрсетілмеген.