Оңалту орталығы теріс діни ағымның 900-ден астам өкілімен жеке әңгімелесті

Алматыдағы Кеңес беру және оңалту орталығының «Имани гүл» филиалы жыл басынан бері қылмыстық атқару жүйесінің түзету мекемелеріндегі 104 әйелмен жеке әңгімелесіп, 375 адам қатысқан 17 топтық кездесу өткізген. Бұл туралы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбековтің төрағалығымен аталған орталықтың жұмысын талқылау барысында айтылды.

Кеңес беру және оңалту орталығы мен оның екі филиалы қаладағы деструктив діни ағымдардың өкілдерін дәстүрлі ислам бағытына қайтару және оларды оңалту мақсатында жұмыс жасайды. Орталық жыл басынан бері 956 адаммен әңгімелессе, ал әйел жамағатына дәріс өткізетін «Имани гүл» филиалы 22 әңгімелесу өткізген.

Оңалту жұмыстарын жүргізуде деструктив діни ағым ұстанушылардың басым бөлігі шоғырланған базарларда, сауда орындарында өзін-өзі жұмыспен қамтыған, қалаға еліміздің басқа аймақтарынан келіп жұмыс істейтін азаматтармен кездесуді басты назарға қойған.

Жиынға Орталықтың басшысы Руслан Қайыргелді, теолог Нұрмұхамед Иминов және түзету мекемелерінде жұмыс жүргізетін дінтанушылар қатысты.

Кездесуде деструктивті діни ағым өкілдерін оңалту жұмыстары кезіндегі қиындықтар мен жөнге келтірудің тиімді әдістерін қолдану және өзге де мәселелер айтылды. Басқарма басшысы Айдар Есенбеков осы бағыттағы жұмысты жалғастыру және нәтижелілігін арттыру бойынша бірнеше тапсырма берді.