«Бала туу» проактив қызметі іске қосылғаннан кейін жарты жыл ішінде 121 230 ана бала тууы жөнінде құттықтау SMS-хабарламасын қабылдады. Былтыр 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 65 374 ана SMS арқылы құжатын рәсімдеген. Соның бірі — Алматының Лаура Хамитова есімді тұрғыны. Ол SMS-пен мемлекеттік қызмет алу үшін Мобильді азаматтар базасына босанбай тұрып тіркелген. Негізі азаматтар базаға төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен:

  • ЭЦҚ қол қоя отырып, eGov.kz порталының «Жеке кабинеті» арқылы өзі;
  • Халыққа қызмет көрсету орталығы филиалдарының кез келген қызметкерінің көмегіне жүгініп;
  • Перинатал орталық пен перзентхана жанындағы «Азаматтарға арналған үкімет» өкілдеріне жүгініп тіркеле алады.

Лаура Хамитоваға қызын дүниеге әкелген күннің ертеңінде ұялы телефонына құттықтау SMS-ы келген. Хатта құжаттарды рәсімдеудің қадамдары көрсетілген. SMS-те EgovKzBot Telegram-ботының да сілтемесі болған. Жас ананың айтуынша, ең бастысы SMS-сауалдарға қатесіз әрі ретімен жауап беріп отыру қажет.

Барлық SMS-жауабыңыз R ағылшын әрпінен басталуы керек және оның алдында бос орын болмауы тиіс. Бірақ R әрпі мен әр цифр арасында бос орындар болуы (мысалы, R 1 1) қажет. Жауаптың соңғы символынан (цифрынан) кейін бос орын болмауы керек. SMS жолдау тегін, тек баланс минуста болмауы керек, — дейді Лаура Хамитова.

Босанған ана SMS-хабарламасына жауап ретінде баланың толық аты-жөнін жібереді. Бұдан соң білім деңгейі, кіріс көзі және тіркеуші орган туралы мәлімет ұсыну туралы SMS-сауалдар келіп түседі. Осыдан кейін тіркеуге электрон өтінім жасалады, ол таңдалған тіркеуші органға жіберіледі. Тіркеуден кейін туу туралы куәлікті, медициналық анықтаманы қай мекенжайдан алып кетуге болатыны көрсетіледі. Бұл мүмкін болмаған жағдайда құжатты үйге жеткізу қызметін пайдалану керек.

Келесі қадамда баланы балабақшаға кезекке қою үшін елді мекенді таңдау, жеңілдіктерге құқықтың бар-жоғы туралы сұрақ келеді. Жауап берілгеннен кейін өтінім әкімдікке жіберіледі. Егер процесс сәтті өтсе, жәрдемақы мен төлемді тағайындау үшін банк есепшотының нөмірін енгізу туралы SMS келеді. Осыдан кейін әр уәкілетті органның қарауына келіп түсетін электрон өтінім жасалады және оның қорытындысы бойынша жәрдемақы тағайындалғаны туралы SMS келеді.

Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуынша, егер дерек қате енгізілсе, қайтадан жауап беру ұсынылады. Қандай да бір тармақ бойынша жауап берілмесе немесе ол дұрыс емес болса, қызмет алу үшін ХҚКО-ға бару қажет болады. Бұл туралы да SMS келеді.

Мамандардың айтуынша, құттықтау SMS-хабарлама ұялы телефонға әдетте бала дүниеге келгеннен кейін бір тәулік ішінде келеді. Ал босанған әйел SMS-ке жауап беруді екі күннен артық уақытқа созбағаны дұрыс. Себебі бұл қызмет бала туған сәттен бастап 3 күн ішінде көрсетіледі. Егер базада болсаңыз да, SMS-хабарлама келмесе, «1414» тегін нөміріне қоңырау шалып, операторға мән-жайды жеткізіңіз.

«Бала туу» проактив қызметін EgovKzBot Telegram-боты арқылы да алуға болады. Жоғарыда атағанымыздай, оның сілтемесі құттықтау SMS-пен бірге келеді. Telegram-ботта жауаптарды жіберу жеңілдетілген. Чатта командаларды енгізудің орнына көп жағдайда батырма түріндегі тиісті жауап нұсқасына басу керек. Егер Мобильді азаматтар базасына тіркелсеңіз, сізге Telegram-боттың барлық қызметі қолжетімді болады.

Telegram-бот – түрлі сервисті бірден қамтамасыз ететін робот. Оның көмегімен санаулы минут ішінде сіз қажет құжатыңызды рәсімдеп, жеке электрон мекежайыңызға жолдай аласыз. Бүгінгі таңда Telegram-бот арқылы ең жиі қолданылатын және азаматтарға арналған 25 түрлі қызмет бар. Атап айтқанда, мекенжай, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы, психика-наркология, туберкулезге қарсы диспансерлер анықтамасы, кезекті онлайн броньдау, дәрігер қабылдауына жазылу және тағы басқалары.