mGov мемлекеттік қызмет алудың негізгі құралы болады

Алдағы айда mGov жаңартылған мобайл қосымшасы іске қосылады. Ол мемлекеттік қызметтерді алудың негізгі құралына айналады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановтың айтуынша, қосымшадағы қолжетімді қызметтер тізімі апта сайын жаңартылады.

Қазіргі уақытта мұнда 21 жаңа қызмет пен сервис бар, көрсетілетін қызметтердің жалпы саны 77-ге жетті.

mGov жаңартылған мобайл қосымшасында халыққа қызмет көрсету орталықтарының аса танымал қызметтері іске асырылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді алу үшін авторизация және сұрауға жазылу үшін Face ID пайдалану мүмкіндігі қарастырылады, — деді вице-министр Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

2018 жылғы желтоқсанда Нұр-Сұлтан мен Алматыда азаматтарға биометриялық деректері (бет сызықтары мен саусақ ізі бойынша тану) негізінде мемлекеттік қызмет көрсетудің пилот жобасы іске қосылған еді. 4 фронт-офиске 15 мыңнан аса қызмет алушы тіркелген, оларға көрсетілген мемлекеттік қызмет саны 3 400-ден асады.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, бүгінде сонымен бірге Telegram-бот арқылы ең танымал қызметтер мен сервистердің 25 түрі қолжетімді. Бұл мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама, арнаулы диспансерлер анықтамасы, кезекті онлайн броньдау, дәрігердің қабылдауына жазылу және тағы басқалар.

Telegram-бот — мемлекеттік қызмет алушының өтінішін санаулы минутта орындап, жауапты оның чатына немесе электрон поштасына жіберетін робот.

Бүгінге дейін 400 мыңға жуық пайдаланушы @EgovKzBot арқылы 600 мыңнан астам мемлекеттік қызметті алды. Қазір @EgovKzBot және бірреттік пароль арқылы көрсетілетін қызмет пен сервис саны көбейтіліп жатыр. 51 мемлекеттік қызмет бойынша өтінішті бірреттік парольмен растауға болады.