Нұрсұлтан Назарбаев: Дональд Трамппен жақсы қарым-қатынас орнады

Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев Уильям Мозерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, жауапты қызметінің табысты болуына ниеттестік білдірді.

Осы жылдар ішінде біз АҚШ-пен өзара түсіністікке және достыққа негізделген қатынастар орнаттық. Қазақстанға АҚШ-тан қомақты инвестиция келді. 420 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Менің Вашингтонға жасаған былтырғы сапарым мен соның аясында Президент Дональд Трамппен және бизнесмендермен болған кездесуім ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға жағдай жасады, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Уильям Мозер Қазақстанға алғаш рет келгендегі әсері туралы айтты. Нұр-Сұлтанның аз уақыт ішінде салынып, әлемге танылғанын ерекше атады.

АҚШ елшісі Уильям Мозер Нұрсұлтан Назарбаевқа Дональд Трамптың хатын берді. Онда АҚШ Президенті Елбасының өз өкілеттігін тоқтату мен мемлекет басқару ісін саясаткерлердің жаңа буынына беру туралы шешіміне қолдау білдіреді.

Мен Президент Трамптың хатын алдым. Ол біздің өңірдегі ахуал туралы алдағы уақытта да менімен кездесіп, ақылдасып отыруға ниетті екенін жеткізді. Дональд Трамппен жақсы қарым-қатынас орнады. Мен осындай байланыста болуға дайынмын. Біз үшін АҚШ маңызды серіктес саналады. Осы жылдар ішінде арамызда тек достық қатынастар болды. Ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп сенемін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.