Туу туралы куәлікке Telegram арқылы тапсырыс беруге болады

EgovKzBot Telegram-боты арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің қатары тағы екеуге көбейді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ іске қосқан бот арқылы бұған дейін 13 мемлекеттік қызмет пен сервис көрсетілетін. Оның ішінде кең таралған қызмет түрі жетеу болатын. Олар — анықтама, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақырту, халыққа қызмет көрсету орталығында кезекті броньдау қызметтері. Енді бот арқылы өзіңізге жақын жерде орналасқан қызмет көрсету орталығы туралы біліп, бала тууға байланысты проактив қызметтерді алуға да болады, яғни туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою жеңілдей түсті.

Telegram-бот арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін «Мобильдік азаматтар базасына» тіркелу қажет, яғни eGov.kz порталындағы жеке кабинетте телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіп, өз гаджетіңіздегі Telegram мессенджерінде ботты іске қосу керек. Алдын ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Барлық ақпаратты қолданушының электрондық поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған. eGov.kz порталының мамырда іске қосылған Telegram-боты арқылы қазақстандықтар шамамен 14 мыңдай мемлекеттік қызмет алды.

ДереккөзTengrinews.kz