Күшті әсер ететін улы заттар қайдан шығады?

Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында мыңдаған түрлі химиялық қоспа пайдаланылады және жыл сайын оның саны артып келеді. Өнеркәсіптен тарауы мүмкін күшті әсер ететін улы заттар төтенше жағдайлар қаупін арттырып отыр.

Күшті әсер ететін улы заттар — ағу немесе ауада булану арқылы шекті мөлшерден артатын және адамдарды түрлі дәрежеде зақымдайтын әсері бар концентрация бөлетін зат.

Химиялық зат — құйғанда немесе төккенде концентрация бөлу арқылы ауаны ластайтын, өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында қолданылатын зат.

Егер күшті әсер ететін улы заттар авария жағдайында төгілгенде тұрғын үй аудандарындағы және жұмыс поселкелеріндегі немесе қала сыртындағы халық үшін қауіп тудыратын химиялық ластану ошағы пайда болып, адамдарды жаппай зақымдауы мүмкін. Мұндай кезде жердің үстіңгі қабаты, су көздері, топырақ, өсімдік пен тағы басқалар зақымданады.

Әсері күшті улы заттар таралғанда не істеу керек?

Қауіпті химия объектілеріндегі авариялар туралы халықты құлақтандыру үшін ысқырық, сирена және басқа да дабыл құралдарымен «Баршаның назарына!» сигналы беріледі. Осы сигналды естігенде теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосып, болған жағдай туралы және халықтың іс-қимыл тәртібі туралы ақпаратты тыңдау керек.

Авария туралы ақпаратты естіген соң химиялық зақымдану аймағынан желге перпендикуляр бағытқа қарай шығу керек. Көлікпен эвакуациялау кезінде көлікке отыратын орынды және уақытты нақтылау керек. Кешікпеңіз және белгіленген уақыттан ерте келмеңіз. Көршілеріңізге жол жүретініңізді ескертіңіз.

Егер жеке қорғаныс құралы болмаса, жақын маңайда пана болмаса және авария болған ауданнан шығып кету мүмкін болмаған жағдайда тұрғын жайда қалыңыз да, радионы қосыңыз және төтенше жағдайлар департаментінің (қала, аудан) және жергілікті атқарушы органның хабарламасын күтіңіз. Ғимаратқа герметизация жасаңыз. Тұрғынжайды дұрыс герметизациялау оған күшті әсер ететін улы заттың кіру мүмкіндігін азайту қажет.

Хлор газы
Иллюстрация: Dribbble.com ©Jurriën Vrijsen

Жан сақтау амалдары қандай?

  • Тынысалу мүшелері мен теріні қорғайтын құралдарды кию;
  • Терезелер мен форточкаларды жабу;
  • Электр құралдарын ток көзінен ажырату (жылытқыштар, қыздырғыш құралдар)
  • Газды жабу;
  • Құжаттарды алу;
  • Бағалы заттарды және қажеттілігіне қарай маусымдық киім-кешек пен тамақ алу (үш күнге жететін бұзылмайтын тамақ);
  • Көршілерге ескерту;
  • Үрей тудырмай, тез арада үйден не ғимараттан шығу және авария болған ауданнан кету;
  • Жылдам қозғалу, бірақ жүгірмеу және шаңдатпау;
  • Ғимараттарға сүйкенбеу және айналадағы заттарға тимеу;
  • Жолда кездескен сұйықтық тамшыларын немесе белгісіз заттардың ұнтағын баспау;
  • Жеке қорғаныш құралдарын шешпеу;
  • Теріде, киімде, аяқкиімде, жеке қорғаныш құралдарында күшті әсер ететін улы заттар тамшыларын көргенде қағаздан жасалған тампонмен, шүберекпен немесе қол орамалмен сүрту, мүмкіндігінше зақымдалған жерді сумен жуу;
  • Зардап шеккендерге, қарттар мен балаларға, өздігінен қозғала алмайтын жандарға көмектесу;
  • Тамақ, су ішпеу.

Токсиндерден уланған жағдайда асқазанды зонд арқылы шаю — шұғыл және міндетті шара. Асқазанды шаю үшін бөлме температурасындағы (18-20 градус жылы) 300-500 миллилитр су порциясымен 12-15 литр су пайдаланылады. Дәрігерлер асқазанды шайып болған соң 100-150 миллилитр болатын 30% натрий сульфаты ерітіндісін немесе вазелин майын іш жүргізетін дәрі ретінде егеді. Асқорыту жүйесіндегі токсин заттарға адсорбция жасау үшін активтенген көмірді сумен араластырып қолданады (бір ас қасыққа езіп, асқазанды шаю алдында және одан кейін ішеді).

Ғимарат ішіндегі адамдарды улы заттардан қалай қорғау керек?

Ол үшін қолда бар тұрмыстық құралдарды пайдаланып, қосымша герметизация істеу керек. Ғимаратты герметизациялауды мынадай ретпен жүргізу керек: кіретін есіктерді, терезелерді жабу (бірінші кезекте жел жақ бетті); жел соғатын тесіктерге тығыз материал немесе қағаз жапсыру; есіктерді ылғал материалмен бітеу (ылғал ақжаймамен, көрпемен); терезенің ойықтарын ішінен жабысқақ лентамен (пластырь), қағазбен желімдеп тастау немесе қолда бар материалдармен нығыздау (мақтамен, поролонмен, жұмсақ баумен).

Күшті әсер ететін улы заттардың концентрациясы көпқабатты ғимараттарда жаз бен қыста әртүрлі болады. Оған қоса, әсері күшті және әсері шамалы улы заттардың ғимаратқа шоғырлануы да әртүрлі. Қыста ғимараттың бірінші қабатына ластанған ауа көбірек жиналады. Жаз кезінде аммиак, күкіртсутек, формальдегид, хлорлы метил сияқты әсері аса күшті емес заттардың концентрациясы ғимараттың жоғарғы қабатында көп болса, өте күшті әсер ететін улы заттар негізінен төменгі қабаттарға тұнады.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Charlie Wagers)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!