Алматыны күйік пен түтін иісі басып кетті. 16 мамыр күні таңертеңнен бері ауадан жағымсыз иіс сезіліп тұр. Тұрғындар әлеуметтік желіде шағымдана бастады. Ауаның ластану деңгейін өлшеумен айналысатын Аirkaz.org порталының мамандары қаланың батыс жағында әлдене өртенгенін хабарлады.

Сағат 09.00-де қаланың түрлі ауданында адам төзбес сасық иіс шығып тұрды. Ауаның ластану деңгейі қысқы шамаға жетті. Біреулер «Қаскелеңде қоқыс алаңы өртеніп жатыр» дейді. Демек, PM 2,5 бөлшектерімен бірге бұл түтін құрамында басқа төтенше улы заттар бар. Сақтаныңыздар, қажет болмаса, сыртқа шықпаңыздар, терезені жауып отырыңыздар, — деп жазды Аirkaz.org порталының жетекшісі Павел Александров Facebook-те.

Павел Александровтың жазбасы

Әлеуметтік желі қолданушылары әкімдіктен жағдайды тексеруді сұрады және төтенше жағдайлар қызметкерлерінен түсінік беруді талап етіп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, ауадан күйген резеңкенің иісі сезіледі.

Алматыда «ауаның ластану қаупінің жоғары деңгейі» деп жариялау қажет. Павел Александров күйік иісі шығып жатқанын және «датчик батыста бірнәрсе өртеніп жатқанын көрсетті» деп жазған еді. Қазір адам төзбейтін сасық иіс орталықтан шығып тұр, құдды бәрі доңғалақ өртеп жатқандай, — дейді Евгений Мұхамеджанов есімді қолданушы.

Сұмдық! Бұл не? Түтіннің масқара иісінен ояндым! әл-Фараби — Достықта бәрі түтінге оранып тұр!! Аirkaz.org картасына қарағанда қаланың орталығында бір алапат нәрсе өртеніп жатыр! — деп жазды қолданушы Денис Юрин.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов Алматыдағы жағымсыз иіске не себеп болғанын айтты.

Сағат 02.03-де өртке қарсы қызмет пультіне Алматы облысы Қарасай ауданындағы Әйтей ауылынан 7 шақырымда қатты тұрмыстық қалдықтар өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады Нұрсұлтан Нұрахметов Tengrinews.kz порталына.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Zakon.kz-тің мәліметінше, Әйтей ауылы маңындағы ауданы шамамен 1 гектар өртті сумен сөндіру мүмкін болмай жатыр. Себебі тереңдігі 60-70 метр болатын жыра бар. Сондықтан мамандар өртенген қоқыс үстіне сазбалшық тастауға мәжбүр. Қоқыс полигонының жалпы ауданы — 10,6 гектар.

(Фото: Facebook.com/Бася Израиловна)