Қазақстанда күн тағы да 45 градусқа дейін ысиды

Синоптиктердің болжамына қарағанда алдағы күндері оңтүстік-батыс тропосфера ағындары арқылы (5 шақырым биіктікте) республиканың оңтүстік облыстарына Иран аумағынан тағы да ыстық ауа массалары келіп түседі.

Ағындар өз бағытын батыс немесе солтүстік-батысқа ауыстырмайынша алдағы үш тәулікте ештеңе өзгермейді, республиканың оңтүстік облыстарында 35-40, кей жерлерінде 45 градус қатты ыстық болады. Ал Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарына Оралдан салқын және ылғал ауа түсе бастап, кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және ыстық бәсеңдейді, — деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.

Еске салайық, синоптиктер бұған дейін де Қазақстанда аптаптың әзір басылмайтынын болжаған еді.