Сарапшы: Президент мәселелерді дер кезінде шешуге мән беріп отыр

Жанар Төлендинова Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 шілде күні Үкіметке берген тапсырмаларын маңызы жағынан Тұңғыш Президенттің Жолдауынан кейінгі орынға қойды.

Бұл — жаңадан сайланған Президенттің алғашқы кеңейтілген отырысы және Қазақстанның ішкі саяси өміріндегі маңызды оқиға. Президент өзекті мәселелерді саралап, нақты тапсырмалар берді. Маңызы жағынан бұл шара Тұңғыш Президенттің Жолдауынан кейін тұр деп айтуға болады. Әрине, бұл Қасым-Жомарт Тоқаев үшін де үлкен сын болды. Ол өзін тәжірибелі саясаткер ретінде көрсете алды, — деді Жанар Төлендинова.

Орталықтың бас редакторының айтуынша, кеңейтілген отырыста Президент өз саясатының басым бағыттарын көрсетті.

Ол әлеуметтік саясат пен қоғам сұрауына дер кезінде үн қатуға айрықша мән берді. Мәселен, Арыстағы жағдайды бейжай қалдырмай, Қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады. Бірақ жаңа министр болғандықтан отставка болмайды. Осылайша кадр саясатының сабақтастығы сақталады. Мемлекет басшысы несие рақымшылығы туралы да пікір білдірді. Бір жағынан бұл халықтың белгілі бір тобының әлеуметтік оптимизмін арттырса, екінші жағынан әлеуметтік саладағы масылдық үрдістен қауіптенуі туралы пікір айтылды. Президент мұның бірреттік науқан екенін атап көрсетті, — деді спикер.

Сонымен бірге сарапшы Президенттің жер мәселесі бойынша пікірін айрықша атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер және Нұр-Сұлтандағы LRT мәселесін көтеруі қоғам сауалына дер кезінде жауап беретінін көрсетеді. Көптеген өзекті мәселе талданды, қоғам наразылығын туғызған кемшіліктер талқыланды. Олар жақын арада шешіледі деп үміттенемін, — деді Жанар Төлендинова.

ДереккөзInform.kz